Ордабасыда картоптың «Коломбо» сорты өсірілуде
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүзге асып жатыр. Жергілікті билік өкілдері бұл бағытта ауқымды жұмыстарды атқарып жатыр. Ал, Түркістандық шаруалар егістіктен мол өнім жинап, арзан юағада сатылымға шығаруды жоспарлап отыр. Мәселен, Түркістан облысы Ордабасы ауданы, Қажымұхан ауыл округіне қарасты Көктөбе елді мекеніндегі «Жанұзақ Ата» шаруа қожалығы картоптан мол өнім алмақшы. 10 гектар аумаққа картоптың ресейлік «Коломбо» сортын еккен шаруа қожалық басшысы Бағдат Жолдасбеков өнім көлемін 250 тоннадан асыруды көздеп отыр.
- Жалпы өзіме тиесілі 25 гектар суармалы жердің 10 гектарына шетелдік тұқым салғанбыз. 15-20 күнде өнім жинау жұмыстары басталса, әр гектарынан 250-400 центнер өнім аламыз деген ойдамыз, – дейді шаруа қожалық басшысы.
Алдағы уақытта дайын өнім сұрыпталып, Түркістан облысы мен Шымкенттің базарларына саудаланбақ. Кәсіпкердің айтуынша, бір келісінің бағасы 160-180 теңге аралығында болмақ. Қазіргі таңда аталған шаруа қожалығы 15 азаматты маусымдық жұмыспен қамтып, орташа есеппен 100 мың теңге көлемінде айлық жалақы беріп отыр.
Осылайша Түркістан облысының шаруалары қазіргі кезде игі іске өз үлестерін қоспақ.