«Тәуелсіздік – бірлік пен тұрақтылық тұғыры»
«Тәуелсіздік – бірлік пен тұрақтылық тұғыры». Осындай атаумен Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясы өтті. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың төрағалығымен өткен жиында өзге этнос өкілдері Тәуелсіздік пен елдің 30 жылда жеткен жетістіктерін мақтанышпен баяндады. Түрлі тағдыр тоғысымен Қазақстанда тұрақтаған ұлт өкілдері ортақ Отанымыз бен дархан халқымызға зор құрметі мен ықыласын жеткізді.
Отырысты ашып жүргізген қала басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне еліміз толымды табыстармен табан тірегенін атап өтті. Сонымен бірге Елбасы төрағалығымен өткен соңғы сессияда Ассамблеяның алдағы жұмыс стратегиясы ретінде айқындалған бес қағидат бойынша жауапты сала мамандарына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Сессия жұмысы барысында қала әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан «Тәуелсіздік табыстары. Береке басы – бірлік» тақырыбында баяндама жасады. Шымкент қаласының халық саны тоқсаныншы жылдары 400 мың болса, қазір 1 млн адамнан асты. Шымкенттің әр екінші тұрғыны – тәуелсіздік тумасы. 30 жыл бұрын қалада 69 мың оқушысы бар 72 мектеп болса, қазір 226 мың бала оқитын 186 мектеп бар. Өмір сүру ұзақтығы 10 жылға өсті. 1991 жылы орташа жас 63 болатын. Қазір 71 жастан асты.
Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы қанаты астында 17 этномәдени бірлестік қызмет атқарады. Оларда барлығы 14 ақсақалдар алқасы, 12 аналар мен іскер әйелдер бірлестіктері, 9 жастар қанаттары, 8 жексенбілік мектептер ашылған.