Түлкібаста 16 905 азамат екпе салдырды
Түлкібас ауданы бойынша 13 екпе егу пунктерінде 25 медицина қызметкерлері мен ауыл әкімдіктері мамандарынан құралған бригадалар екпе егу жұмыстарын ұйымдастыруда. Бұдан бөлек 3 жылжымалы бригада ауыл-аймақты аралап жаман індетке қарсы екпе егу жұмыстарын жандандыруда. Бұл жайында бүгінгі лездемелік жиында ауданымыздың бас дәрігері Б.Тұрлыбеков мәлімдеді. Бұл туралы Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен қатар, аудан әкімі Нұрлан Байғұттың төрағалығымен өткен аппараттық жиында «Ашық» порталына тіркелу жұмыстарының барысы, аудан бюджетінің 2021 жылдың 1- шілдеге болжамды игерілуі, мал шаруашылығын дамыту жөніндегі индикативті жоспардың орындалу барысы мен ветеринария саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.
Салаларға жауапты бөлім басшыларының баяндамаларын тыңдап шыққан аудан басшысы, орынбасарлары мен ауыл әкімдеріне коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық имунитетті қалыптастыру мақсатында халыққа екпе егуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды. Мобилді топ мүшелеріне тұрғындардың қауіпсіздігі үшін халық көп шоғырланатын мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарын «Ашық» ақпараттық мобильді қосымшасына тіркеуді жандандыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, салалық бөлімге ауыл шаруашылығы бойынша индикаторлық көрсеткіштерінің орындалуын қатаң бақылауда ұстап, жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу бойынша екпе егу жұмыстарын қажеттілігіне қарай жандандырып, жабайы иттердің қабу фактілерін жою мақсатында халыққа түсіндіру шараларын жүргізуді тапсырды.