Металлург стадионы жөнделуде
Шымкент қаласының Абай ауданындағы «Металлург» стадионын қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1980 жылы пайдалануға берілген спорт кешенінің тозығы жеткен болатын.
Қала әкімі М. Әйтенов аталған нысанның құрылыс барысын аралап көрді. Біраздан бері жоспарда жүрген қайта қалпына келтіру «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылдың мамыр айында қолға алынған.
Мердігер мекеме - «Югстройсервис-Н» ЖШС-ы. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша спортшылар үйінде қабат аралық жабын – 50%, 1504 орынға арналған трибуна металлды құрылым монтаждау – 80%, спортзал жер жұмыстары – 40 пайызға орындалды.
Қала әкімі жұмыстың барлық кезеңінде сапаны басты назарда ұстау керектігін атап өтті.
Стадионды қайта қалпына келтіру үшін қала бюджетінен 3 млрд. 19 млн. теңге бөлінген. Ол қаржыға бір жарым мың орындық трибунадан бөлек спортшыларға қонақ үй және жаттығу залы тұрғызылады. Сондай-ақ, жасыл шөп те жөндеу көреді екен.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін завод қарамағында болған кешенді 2017 жылы жергілікті билік жауапкершілігіне алған еді. Енді міне жөндеу көрмеген кешенге көңіл бөлініп, заманауи құрылыстың біріне айналмақ. Спорт кешені құрылысы жылдың соңына дейін жалғасады.