Бадам жағасында...
Шымкент қаласында мұнай өңдеу зауытынан Забадам шағын ауданына дейінгі «Бадам» өзенінің бойын абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аумақтағы құрылыс жұмыс барысымен танысты.
Нысан құрылысы екі кезең бойынша жүргізілуде. Бірінші кезеңге сәйкес үш шақырым аумақ жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Екінші кезеңде жобаға сәйкес абаттандыру жұмыстарының ұзындығы 6,7 шақырымды құрайды. Бас мердігер - «СтройСервис-7» ЖШС. «Бадам» өзенінің бойын абаттандыру үшін 247 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, Бадамның қос жағалауында қалалықтар серуендеп тынығатын орын болады.
"Бадам өзенінің жан-жағы түгел абаттандырылмаған, қоршалмаған еді. Бұл өзеннің жан-жағында аз қабатты тұрғын үйлер көп орналасқан. Су көп келген кезде сол үйлерді шайып кетпеу үшін осындай шешім қабылданған болатын. Перепадной көпір дейміз ғой, сондайдың 7-еуі соғылған. Бүгінгі таңда тағы екі көпір созып жатыр және жаяу көпірден өтуге бір көпір салынуда",- дейді қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов.
Шаһар басшысы сала басшыларымен бірге Бас мердігермен жолығып, туындаған мәселелерін тыңдады. Нысан құрылысын сапалы және жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.