Сарыағашта «Қауіпсіз жол» шарасы өтіп жатыр
Қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларын болдырмау, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу және көлік құралдарының терезелерін күңгірттеп басқару деректерінің алдын алу мақсатында Сарыағаш ауданы көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған шара 2021 жылдың 17 мамыр мен 17 маусым аралығында жүргізілетін болады. Бұл туралы Сарыағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елімізде «темір тұлпарлардың» саны жыл санап көбейіп келеді. Осы себепті қайғылы жайттарға апарып соғатын жол-көлік оқиғалары да жиілей түсті. Осы себепті соңғы жылдары жол ережесін бұзушылыққа қатысты жазалар қатайтылды. Сонымен бірге ереже бұзушылықтың алдын алу шаралары да күшейтілді. Аталған шара барысында полицейлер профилактика барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаяу жүргіншілер тарапынан жасалған жол қозғалысы ережелерінің сақталуына айрықша назар аударуда.
Рейд барысында көлік құралдарының терезелерін күңгірттеп басқару, қауіпсіздік белбеуін тақпау, сондай-ақ, жол жүру кезінде ұялы телефонмен сөйлесу сияқты жол қозғалысы ережелерін бұзу жағдайлары анықталып, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Аталған іс-шараға Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері түгелдей жұмылдырылды.