Түркістан дәрігерлері үшемді де, анасын да аман алып қалды

Oinet.kz 07-04-2021 403

ушем.jpg

№3 Облыстық перинаталдық орталығының дәрігерлері небәрі 1,5 кг салмақпен туылған нәрестелерді 40 күн бойы күтіп, жетілдіріп барып, бүгін перзентханадан үйлеріне шығарды. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады.

Жас ананың шала туған шақалақтарымен бірге өзінің өмірін де арашалап қалған ақ халаттыларға айтар алғысы шексіз. Дәрігерлердің айтуынша, жүктіліктің 32-ші аптасында әйелге жедел ота жасауға тура келген. Алғаш рет ана атанған Динара Мухитованың жақындары бүлдүршіндірге Хадиша, Фатима, Захра есімдерін берген. 

Дәрігерлер аман алып қалған үш қыз мерзімінен бұрын дүниеге келіп, бір апта бойы жансақтау бөлімінде жатқан. Өкпесі дұрыс дамымай туылған нәрестелердің үшеуі бірдей жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. №3 облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің қатаң бақылауында болған нәрестелердің әрқайсысы осы уақыт ішінде бір келіден салмақ қосқан. Жас отбасы Түркістан облысы Кентау қаласына қарасты Қарашық ауылының тұрғындары.

– 10 наурыз күні үшем дүниеге келді. Енді дүниеге келгенде нәрестелердің өкпесі дұрыс дамымай ИВЛ-аппаратында жатты. Кейін 10 күннен соң жан сақтау бөлімінен ауыстырылды. Алғашқыда салмақтары – 1 кг 480 г, 1кг 180 г және 1 кг 460 болды. Бүгінде сәбилердің денсаулығы жақсы, – дейді  №3 облыстық перинаталдық орталығының сарапшы дәрігері Гульайша Ерназарова.

Былтыр №3 облыстық перинаталдық орталығында 9793 сәби дүниеге келген. Жыл басынан бері 2652 нәресте туылған. 


Түркістан облысында азық-түлік қоры жеткілікті
Жемқорлықтың алдын алмаған басшыға айыппұл салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу