Сарыағашта Жол картасымен бірнеше жоба жүзеге асты
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасы бойынша бекітілген Жол картасы аясында бірнеше жоба жүзеге асты. Солардың бірқатарын Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Б.Полатов пен «Nur Otan» партиясының Сарыағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Қыстаубаев аралап көрді.
Олар Дербісек ауылдық округінде «Nur Otan» партиясының аудан бойынша сайлауалды бағдарламасы аясында іске қосылған «Санжар» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, 1000 бас мал бордақылау алаңының іске қосылу іс-шарасына қатысты.
Шаруа қожалығының жалпы жер көлемі – 2,5 га. Бүгінде мұнда 300-ден аса ірі қара мал бордақылануда. Алдағы уақытта оның саны артады деген жоспар бар. Мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген.
Сонымен бірге Сарыағаш ауданында Жол картасы аясында Құркелес ауылдық округі аумағында «Дилшад» шаруа қожалығының фермерлік жылыжай кешені іске қосылды. Жылыжайда алдағы уақытта қияр, қызанақ өсіріліп, жылына 85 тонна шамасында өнім алу жоспарланған. 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.