10 сәуірге дейін толық аяқталатын жұмыстар Шөкеевтің бақылауында
Түркістан облысында қатты жауған жаңбыр мен соққан желдің салдарынан зақымданған электр желілерін қалпына келтіру жұмыстарына облыстық бюджеттен 260 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков мәлімдеді.
Бақытжан Әнуарбекұлының сөіне сүйенсеек, наурыз айының 13-14 күндері ауа райының қолайсыздығынан аудан, қалалардағы 5 мың 338 дана электр бағанасы құлап, 100-ге жуық елді мекен жарықсыз қалған. Бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына жалпы 170-тен астам техника, 473 адам жұмылдырылған. Облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрған жөндеу жұмыстары 10 сәуірге дейін толық аяқталады.
– Оқиға салдарынан Арыс, Кентау қалалары мен Бәйдібек, Ордабасы, Отырар аудандарының электр желілеріне айтарлықтай зиян келді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өкімімен зардаптың салдарын жою бойынша арнайы штаб құрылып, тиісті шаралар дер кезінде ұйымдастырылды. Нәтижесінде «KEGOC» АҚ-на қарасты 110 дана электр бағанасы толығымен орнатылып, іске қосылды. Сондай-ақ, 62 дана СК-26 маркалы электр бағанасы және 3 мың 400 дана оқшаулағыш жеткізілді. Тасымалдау және қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, – деді басқармасы басшысының орынбасары.