«Ақылды емханалар» көбеюде

Oinet.kz 18-04-2021 1069

Screenshot_13.png

Соңғы жылдары өндірістің, өңдеудің, қызмет көрсету саласының барлық деңгейінде делік, цифрландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл процесс сөз жоқ денсаулық сақтау саласын да айналып өткен жоқ.

Әсіресе үшінші мегаполистің медицина нысандары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде сандық форматта қызмет көрсетуге кіріскен. Оған дәлел Шымкент қаласындағы 28 медицина ұйымы «Ақылды емхана» жүйесіне көшіп жатыр. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов қала әкімі алдындағы есепті жиында айтты.

Осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған іс-шаралар жайын баяндаған басқарма басшысы қаладағы медицина саласын цифрлық технологияға көшіру жұмыстары қарқын алғанын атап өтті.

Мәселен, жоғарыда аталған емханаларға QR код жүйесі орнатылып жұмыс жүргізілуде. QR код қосымшасы арқылы науқастар дәрігердің қабылдауына жазылып, медицина маманын үйіне шақыруына болады. Ең маңыздысы – ұсыныстар, арыз-шағым мен талаптар қалдыруға да жағдай жасалған.

«Бірінші кезекте цифрландыру дәрігерлер мен пациенттердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Электронды қызметтің нәтижесінде пациенттер зертханалық талдаулардың қорытындысын алу үшін емханаларға қазіргідей жиі бармайтын болады. Дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді электронды түрде жасай алады. Тіпті, ол үшін телефонмен қоңырау шалып, жауап бермесе жүйкені жұқартып жатудың да қажеті жоқ. Аталған қызметтердің бәрі сіздің қалтаңыздағы смартфонның бір ғана тетігін басу арқылы қолжетімді болмақ»,- дейді шаһардың бас дәрігері. 

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қаладағы емханалар «Даму Мед» медициналық ақпараттық жүйесімен жұмыс жүргізуде. Шаһарда мобильдік қосымшаны пайдаланушылар – 201 780 адам. Электрондық денсаулық паспорттары 1052849 пациентке толтырылған. Бұл – қала халқының 97,8 %-ы.


Қариялардың денсаулығы басты назарда
«Ақылды емханалар» көбеюде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу