Түркістан облысы "жасыл аймақта"
Түркістан облысында қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы тәулікте Түркістан облысында 6 адамда COVID-19 індеті расталған. Тәуліктік өсім 0,16 пайызды құрайды. Жалпы облыста пандемия белең алғалы 574 мың 400 ПТР-сынама алынған. Ал соңғы тәулікте зертханаларда 2758 адам тексерілді. Жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 610 орын бар, олардың 478-і бос. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі аппаратының баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақта бүгінде жалпы 23429 медицина қызметкері бар. Оның 5000-нан астамы дәрігерлер, қалғандары орта буын мамандары. Ақ халатты жандардың ерен еңбегінің арқасында өңірде қауіпті індетті жұқтырған 4292 науқас толық жазылып шыққан. Жалпы, пандемия басталғалы Covid-19 инфекциясы расталған 4445 жағдай тіркелді. Олардың 2849-да ауру симптомсыз өткен болатын.
Облыстағы мекемелерде 8 оттегі станциясы, 400 ӨЖЖ аппараты, мыңнан аса оттегі аппараты бар. 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған, 40-тан астам дәрі қоймасы, 800-дей дәріхана жұмыс істейді.
Түркістан облысы вакцинация бойынша көш бастап тұр. Өңірде өз еркімен 13 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы екпе қабылдады. Оның ішінде 10 мың 674 медицина қызметкері болса, 1276-сы мұғалімдер. Ал, 444-і полиция қызметкерлері мен 75 басқа да санаттағы азаматтар. Қазір екінші компонентпен 3264 адам вакцина салдырды. COVID-19-ға қарсы вакцинациялау 20 емдеу мекемелерінде жүргізілуде.
Сонымен қатар, өңірдегі СOVID-19 жұқтыруды таратпау жөніндегі мобильді топтардың тиімділігі, тексерілген нысандар мен айыппұл салынған субъектілер саны кеміген. Ахуалдық-талдау орталығының сараптамасы негізінде жасалған облыстағы жалпы криминогендік жағдай бойынша, жыл басынан бері облыстық полиция департментінен келіп түскен жедел ақпараттық мониторингке сәйкес 1915 оқиға тіркелген. Бұл мәліметтер Түркістан облысының 3 қаласы мен 13 ауданы туралы ақпаратты қамтиды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл оқиғалар саны 28,4 пайызға азайған.