Бәйдібек: Жаңа оқу жылында - жаңа белестер
Елімізде коронавирус індетінің таралуына байланысты 2019-2020 оқу жылының IV тоқсанында мектеп оқушылары қашықтан оқыту жүйесі бойынша білім алғаны әмбеге аян. Қазіргі таңда бұл індет толықтай жойылып кете қойған жоқ. Осы орайда Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады.
"Құрметті ұстаздар!
Қымбатты оқушылар мен ата – аналар!
Сіздерді бүгінгі жарқын да қуанышты мереке – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
1 қыркүйек барша халықтың, әсіресе балалардың көптен күтетін мерекесі! Бұл мереке балалардың мектеп қабырғасын, студенттердің колледж және жоғары оқу орындарына барған күндерін еске түсірсе, жас мұғалімдердің алғашқы жұмыс күнгі әсері мен толғанысын айғақтайтын ұмытылмас сәттерімен есте қалады. Өздеріңізге мәлім елімізде жарияланған төтенше жағдай, каратиндік режимге байланысты биылғы жылы білім алу жылдағы жоспардан тыс қашықтықтан оқытылатындықтан барлықтарыңызға артылатын жүкте, ауыр екенін білеміз.
Құрметті ұстаздар!
Сіздер еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер."Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез", – деп ұлы Абай айтқандай, Ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға.
Еліміз үшін маңызды істі жүзеге асыру тікелей ұстаздарға байланысты. Сіздер арқылы бүкіл бір мемлекеттің болашағы қалыптасады.
Осы орайда білім саласындағы барлық бастамаларда Бәйдібек ауданы педагогтері алдыңғы қатарда болады деп сенемін. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін абыроймен атқарып, білімі толысқан, тәрбиелі ұрпақ өсірудегі еңбектеріңізге жеміс тілеймін.
Баршаңызға жаңа оқу жылы сәтті басталсын!", - деп жазды әкім Facebook әлеуметтік желісінде.