Леңгірдегі 1 жылда бітетін жолды 3 жылға созу кімге қажет?

Oinet.kz 18-12-2014 890

Өмірі ат үстінде өткен ата-бабаларымыз үшін қара жолдың, яғни асфальт жолдың аса қажет болмағаны түсінікті. Көшіп-қонған кездегі жүк артқан арба да тақтайдай тегіс жол таңдамағаны анық. Ал қазір асфальт жолдың қажеттілігі артқаны соншалық, онсыз күнделікті өмірді елестетудің өзі мүмкін емес. Күніміз қара жолға қараған. Соңғы жылдары жол жөндеуге қаржы көп қаралуда. Дегенмен, тас жолдың сапасына сын жоқ, барлығы тақтайдай тегіс болды деп айтуға әлі ертерек. Жыл сайын қар кетіп, көктем шыға көлігі барлар жол азабына тап болады. Бұл үйреншікті әдетке айналды.

image.png

Көп жылдардан бері жөндеу көрмей, тозығы жеткен жолдардың бірі Шымкент пен Төле би ауданының орталығы – Ленгір қаласын жалғап жатқан күре жол болатын. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тарапынан Төле би ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-82 «Шымкент-Достық-Қасқасу-Сайрам-Шымкент» автомобиль жолының 8-25 шақырымын қайта құру жұмыстарына жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурсында «Береке А» Корпорациясы ЖШС жеңімпаз деп танылып, бүгінде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Тапсырысты орындау мерзімі 2012-2014 жылдардың аралығы. Қарастырылған қаржы 1 836 800 210 теңге. 2012 жылы 19 869 865 теңге қаралып, ол жобалау құжаттарын жасауға жұмсалды. Сөйтіп, үстіміздегі жылы Шымкент пен Ленгір қаласын жалғап жатқан жалғыз күре жолды жөндеу жұмыстары қызу басталып кетті.

Күре жолға жасалған күрделі жөндеуге жергілікті тұрғындар қатты қуанды. Уақытша қолайсыздықтарға қарамастан. Өйткені, Төле би ауданында тұратын 120 мыңнан астам халықтың негізгі бөлігі облыс орталығына, өзге де өңірлерге осы жол арқылы қатынайды. Жолдың қайта жөнделуі кімге қолайлы емес дейсіз. Алайда, сол қуаныштың соңы уайымға ұласқалы отырған сыңайлы. Неге дейсіз ғой, айтайық.

Халықтың ең алдымен алаңдап отырғаны – құрылыстың биыл бітпей, келесі жылға созылуы екен. Қазірдің өзінде қотыр жол арқылы қатынау қиындық тудырып отырғанда ертеңгі күз-қыс айларында жағдайдың қалай боларын елестетудің өзі оңай болмай тұр. Халық тарапынан осындай реніштің туындай бастағанын естіп жергілікті тұрғындармен тілдесіп қайтқан едік. 

Нүсірбай Саттарқұлов, ауыл тұрғыны, зейнеткер:

«Жол биыл бітпесе, азаптың атасы алда деген сөз»

- Кезінде үлкен совхоз, кейін өндірістік кооператив болған «Қазығұрт» шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек еттім. Бұл жолдың аудан халқы үшін маңыздылығын жақсы білемін. Әрине, игі істің басталғаны бетпе-бет келген уақытша қиындықтарға төзуге себеп болды. Өз үйімізге кіру үшін бірталай жолды айналып өтудеміз. Жол бойындағы кейбір ауылдардың азаматтары ауласына көлікпен кіріп-шыға алмай қалды. Жергілікті бюджетке шама-шарқынша өз үлесін қосып отырған коммерциялық нысандардың жұмысы тоқтап тұр. Керек десеңіз, жол бойындағы әр отбасы түрлі шығын шегіп отыр. Оның үстіне жылдағыдай емес, биыл Ленгірдің орталық базарындағы азық-түлік, көкөністердің бағасы төмендемей тұр. Өйткені, жолдың сапасыздығынан жеткізілген өнімнің өзіндік құны да көтеріліп кетті. Бірақ, мұның барлығы әлі-ақ ұмытылып кетеді. Бізді басқа бір жайт мазалап жүр. Естуімізше, құрылысқа бөлінген қаражат таусылып, құрылыс жұмыстары тоқтағалы жатыр екен. Мұндай жағдайда ертеңгі күніміз не болмақ? Бүгінгі шаң-тозаңның барлығы ертең лай-батпаққа, ми-аталаға айналады. Азаптың атасы сол кезде басталады. Сол себепті құрылысты келесі жылға қалдыруға, бастаған істі орта жолдан аяқсыз тастауға болмайды. Адам өмірінің жетпіс пайызы жолмен байланысты екен. Ал, қатынастың қиындығы көптеген кедергілерге тап қылады. Апатты жағдайдың артуы да ғажап емес.         

Жұмат Жылқыбаев, «Төле би автобус паркі» ЖШС директоры:

«Әбден шығынға баттық»

Өткен жылы 75 миллион теңге несие алып, лизингтік жолмен, ғимаратымызды кепілге қойып,  жаңа 16 автобус сатып алғанмын. Жолдың құрылыс жұмыстары басталғалы сол жаңа автобустардың бесеуінің моторы істен шықты. Моторға қою шаң кіріп, бұзылады екен. Әр автобустың моторын қалпына келтіру үшін шамамен 400-500 мың теңге қаражат жұмсап жатырмыз. Қосалқы бөлшектерді Қытайдан алдыртудамыз. Жүріс бөлшектерін (ходовой часть) де әр он күн сайын ауыстыруға тура келіп тұр. Әбден шығынға баттық. Негізінде бұл көліктер кемінде 5 жылға дейін жөндеусіз жүруі тиіс еді. Бұл бір.

Екіншіден, 30 мың халық қоныстанған Қазығұрт ауылдық округінің орталық жолдары жабылды. Осының салдарынан жолаушылардан да айырылдық. Сонау қырдың үстімен айналатын айналма жолға ешкім шықпайды. Сол себепті жолдың құрылысы басталғалы автобустардан күнделікті жоспардан үш мың теңге кем алуға мәжбүрміз. Бұл да шығын. Автобусқа бір адам мінсе де, ешкім мінбесе де әр маршруттың аралық интервалы - 12 минутты сақтауға тиіспіз. Жол ақысын да көтермедік. Құрылыс жұмыстары тез бітпесе, мен автобустарымнан айырылып қалуым мүмкін.

Ерғали Саттарқұлов, «Қазығұрт» ауылдық округі әкімінің орынбасары:

«Коммерциялық дүкендер жұмысын тоқтатты»

- Аудан халқының 70 пайызы облыс орталығына, өзге де өңірлерге осы жол арқылы қатынайды десем, жаңылыспаған болар едім. Өйткені, бұл Шымкент пен Ленгірді жалғап жатқан жалғыз күре тамыр. Негізгі жол жабылғалы бері көптеген көлік Сайрам арқылы қатынауға көшті, ал ол жол мұншама көп көлікке есептелмеген. Кеңес Одағы тұсынан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген бұл жолдың тозығы жетіп тұр еді. Көңіл бөлінгені жақсы болды. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның қарқыны жаман емес. Жұмыс осы қарқынмен жалғасып, соңына дейін бітсе, қуанар едік. Себебі, құрылыс жұмыстары көше бойындағы тұрғындарға, көлік қатынасына қолайсыздық тудырады. Шаңның көтерілгенінен бөлек, кейбір адамдар өз ауласына да кіре алмай қалды. Бізге қарасты ауылдық аймақтағы жолдың бойында төрт мектеп, төрт медицина мекемесі, бір балабақша, отызға жуық коммерциялық дүкендер бар. Оқушылар қазір жазғы демалыста, ал әлгі дүкендердің саудасы тоқтап, қиналып қалды. Көліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтарының да есіктері тарс жабылды. Халық мұны, әрине, түсіністікпен қабылдап жатыр, бірақ, құрылыстың мүмкіндігінше ертерек бітуін де тағатсыздана күтіп жүр. Әне-міне дегенше күн суытып, қар түссе бүгінгі қиындықтың еселенетіні түсінікті.        

Әнуар Құманбеков, жол құрылысына жауапты прораб:

«Биыл-ақ бітіріп тастауға болады»

- Бүгінге дейін 3,5 шақырым жерге асфальт төселді. Бірақ, ол жолды әлі аша алмаймыз. Елтай елді мекеніндегі көпірді толығымен бітіріп, сонан кейін ғана көліктердің жүруіне рұқсат етіледі. Жобада көрсетілген 17 шақырым биыл толығымен бітпесе, қолайсыздық артпақ.Біз қазірдің өзінде жөнделетін жолдың дайындығы есебінде бірталай жерді сырып тастағанбыз. Су қашыртқыларын жүргізген тұстар да көлік қозғалысына көп кедергі келтіреді. Оның үстіне негізгі жобада айналма жол көрсетілмеген. Бұл да біраз қиындықтар туғызып отыр. Бұл жолмен күніне шамамен 3-4 мыңдай көлік қатынайды. Күн ыстықта тауды бетке алған демалушылардың басым бөлігі осы жолды басып өтеді.

Жобада қаралған қаражатты үш жылға созбай бірден аударып берер болса, жолды қайта жасақтау жұмыстарын биыл-ақ толығымен бітіруге шамамыз да, техникамыз да жетеді. Биылғы жыл үшін бөлінген қаражаттың 85-90 пайызын игеріп қойдық. Қазір артық ақша қалған жоқ. Демек, құрылыс жұмыстары осы жерден тоқтайды деген сөз. Бұл, біріншіден, көлік қозғалысына қолайсыздық тудырса, екіншіден, тұрғындар арасында теріс түсініктің қалыптасуына себеп болатыны сөзсіз. Халық қаражаттың үш жылға бөлініп берілетінін қайдан білсін, «Береке» корпорациясы бастаған ісін аяқсыз тастап кетті, жұмыс жүрмей жатыр» деген қауесеттің тарауы әбден мүмкін. Бұл биліктің де, «Берекенің» де беделіне нұқсан келтіреді.

Міне, біз жолыққан азаматтардың пікірі осындай. Әрине, тұрғындардың талабын да түсінуге болады. Құрылыстың жарты жолдан тоқтайтынын естіген ауыл ақсақалдары игі істің биыл аяқталуына құмбылдық танытып, өз аттарынан облыс басшысы Асқар Мырзахметовке арнайы хат та дайындапты. Онда ақсақалдар жобаға қаралған қаржының биыл толығымен аударылып, жолдың ертерек бітуіне ықпал етуін сұраныпты.

Келісім-шарт бойынша жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайтын жол құрылысына биыл 613 947 мың теңге бөлінуі тиіс. Ал, 2014 жылға 1 202 983 345 теңге қаралған. Жобаның не үшін бұлайша үш жылға дейін ұзартылып жасалғанының құпиясын кім білген, бізге белгілісі – «Береке А» корпорациясының басшылығы қаражат толығымен аударылса, бұл құрылысты сағызша созбай, биыл-ақ толығымен бітіріп тастауға болатынын ашық айтып отыр. Ендеше, бір жылда аяқтауға болатын нысанды бірнеше жылға созудың қажеті қанша?

Жол азабы – ең ауыр азаптың бірі. Соншама ел-жұртты әуре-сарсаңға салып, халықты қинағаннан кім ұтады? Қатып қалған ешнәрсе жоқ, тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы келісім-шартқа өзгеріс енгізіп, құрылысты биыл бітіріп тастаудың заңды жолын іздестірген абзал шығар. Кестеден кешігіп, сақалды құрылысқа айналған нысандарға қатысты да бір шешім қабылданып жатыр емес пе? Оның қасында ертерек бітіріп берейін деген мердігердің жолын жабу емес, керісінше ашу керек секілді. Төлебилік тұрғындардың тілегі осы. Ал Асқар Исабекұлы тұрғындардың бұл сұранысына байланысты қандай қадам жасар екен?    Шадияр Мекенбайұлы           

Мұрағаттан, 13.06.2013 ж

Шымкенттегі көлік базарын көшіру керек
Абай туралы телесериал түсірілмек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу