Шымкенттегі көлік базарын көшіру керек
Таяу жылдары халқының саны миллионға жетеді деген Шымкент қаласында әлі де болса шешілмеген әлеуметтік мәселелер жетерлік. Мәселен қаланың батыс жағында орналасқан «Сәуле», «Қазығұрт» шағын аудандарында бүгінде 70-80 мың халық тұрады. Аталған елді мекендерде не аурухана, не почта бөлімшесі, не мәдени орталықтар, спорт кешендері, балабақша жоқ.
«Қазығұрт» шағын ауданы мен Карл Маркс бөлімшесінің тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады. Халықтың қолында құрығанда 2-3 қара малы, қой-ешкісі бар. Бірақ малға жайылым жоқ. Бұрын рұқсат алып, малымызды орман шаруашылығына тиесілі жердің төңірегіне жаятынбыз. Соңғы жылдары осы аумақтан жеке кәсіпкер көлік базарын ашып, республикалық маңызы бар Шымкент-Ташкент тас жолын автотұраққа айналдырып жіберді.
Жалпы қос шағын ауданның халқы көлік базарынан көп зардап шегіп отыр. Сенбі, жексенбі күндері демалудың орнына у-шудың ортасында қаламыз. Тас жолдан ары-бері өту мүмкін емес. Жолға арматура қағып, жіп байлап тастап, көлік тұрмақ жаяу жүргіншілердің өздеріне қиындықтар туғызады. Осы күндері тіпті базар иелері «Сәуле» шағын ауданындағы айналма жолды да жауып тастап, көлік тұрағына айналдырды, сол үшін ақша жинайды.
2002 жылы базар иелері жүйке аурулары диспансері жағындағы 10 гектардай жерді спорт кешенін саламыз деген негізбен 49 жылға жалға алған екен. Бұл жер қазір базар болып кетті. Ең сорақысы ол жерде тұрған көліктерден де ақша алынады, бірақ талон берілмейді. Құзырлы органдар осының заңдылығын неге тексермейді? Екі шағын ауданның халқына арнап осы 10 гектар жерден әлеуметтік, мәдени нысандар салса, өте ыңғайлы болар еді ғой.
Базар орналасқан аумақтан жоғары кернеулі электр желілері өткен. Ол адам өмірі үшін өте қауіпті. Бір күн кешке дейін тұрған адамның радиацияның әсерінен 1 ай басы ауырады. Базардың санитарлық ахуалы да талапқа сай емес. Келушілерге, саудагерлерге ешқандай жағдай жасалмаған.
Бұдан бөлек екі шағын ауданда не стадион, не саябақ жоқ. Балаларға көшеден басқа ойнайтын жер болмай тұр. Сенбі-жексенбі күндері базар жағалаған балалардың болашағынан не күтуге болады?!
Біздің мақсатымыз көлік базарын жабу емес, оны ыңғайлы, ешкімге зиян келтірмейтін жерге көшіру. Бұл «Қазығұрт», «Сәуле» шағын аудандарының халқы үшін өте тиімді болар еді. Облыс, қала басшылары халықтың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне құлақ асып, тиімді шешім қабылдайды деген сенімдеміз.
Шымкент қаласы,
«Қазығұрт» шағын ауданының ардагерлер кеңесі мен көше төрағалары:
Ж.Мамырайымов,
С.Ақылбеков,
П.Бекмұратов,
С.Қалқабаев,
О.Жұмабаев және тағы басқалар.
Мұрағаттан, 20.06.2013 ж