Әрбір бесінші дәрі Химфарм зауытында өндіріледі

Oinet.kz 18-12-2014 1334

Оңтүстіктің өндірісін өркендетіп отырған кәсіпорындардың бірі және бірегейі Химфарм зауыты. Еліміз тәуелсіздік алған соң ірі кәсіпорынның тарихында  жаңа кезең басталды. 1993 жылы кәсіпорын «Химфарм» АҚ болып қайта құрылып, заманға сай дәрі-дәрмек шығаруға ден қойды.  Бұл кезде өсімдік шикізаты мен химиялық синтезді қолдану арқылы субстанциялар шығаратын үш цех жұмыс істеп тұрған. 1997 жылы нарыққа алғаш рет таблетка түріндегі қатты дәрілік заттар шығарылды. Айына таблетка түріндегі 3,5 миллион орауыш, сонымен қатар медициналық спирт пен емдік бальзам өндірісі жолға қойылды. Кейінгі жылдарда ампуладағы инъекциялық ерітінділер, гален препараттары мен стерильді емес ерітінділер шығаруға да қол жеткізілді. 2004 жылы кәсіпорын «Авиценна» бальзамын шығара бастады. Құрамында 19 түрлі шөп компонентерін қамтыған бірегей рецепт бойынша даярланған бальзам бірден айрықша сұранысқа ие болып, тұтынушылар тарапынан жоғары баға берілді. 

image.png

2011 жылы поляк фармацевтикалық нарығының көшбасшысы, халықаралық фармацевтикалық Polpharma компаниялар тобының мажоритарлық акционер ретінде келуіне байланысты Химфарм зауытының дәрі-дәрмектері «Santo Member of  Polpharma» компаниясы брендімен шыға бастады. Осыдан кейін Химфарм зауыты құрамында 5 өндірістік зауыт пен Польшадағы сауда кеңсесі, ресейлік «Акрихин» компаниясы, Литвада, Украинада, Беларусьте, Чехияда, Болгарияда, Әзірбайжанда, Өзбекстанда өз өкілдіктері бар, жылдық табысы шамамен бір миллиард долларды құрайтын алып компанияның негізгі бір бұтағына айналды. Қазір шымкенттік зауыт облыста ғана емес республика бойынша да дәрілік заттарды өндірушілер арасында көшбасшы болып табылады. Республикада сатылатын дәрі-дәрмектердің әрбір бесіншісі осы компанияда өндірілген. Сондай-ақ, Орталық, Шығыс Еуропада, Кавказда, Орталық Азия нарықтарында жұмыс істейтін халықаралық фармацевтикалық топтың бөлігі есептеледі. 

Отандық фармацевтика саласында Химфарм зауыты бірінші болып тәуелсіз халықаралық және қазақстандық сапа стандарттарын бағындырып, сериясы ISO 9001:2000 сәйкестік сертификациясынан өтті. 2012 жылы өндірісті жаңғыртуды жүргізу қорытындысы бойынша компания ұнтақты антиобиотиктерді әзірлеуге GMP (Good Manufacturing Practice) сертификатын алды. Ал үстіміздегі жылдың аяғында іске қосылатын жаңа ампулдық-инфузиялық цехтың құрылысы аяқталып, антибиотиктерді салып-бөлу цехын жаңғырту жүргізілді.  

- Таяу жылдар ішінде бүкіл өндірісті GMP еуропалық стандарттарына көшіру және жаңғырту үшін шамамен 84 миллион АҚШ долларын инвестициялау жоспарланып отыр. Олар инфрақұрылым және технологияны жаңартуға жұмсалады. 2014 жылдың соңына қарай барлық дәрілік заттар өндірісін GMP стандарттарына өткізуді аяқтау жоспарлануда. Бұл өнімді экспорттау әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл жоба Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен іске асырылып жатқан 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының «Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес келеді. Өйткені, осы бағдарламада экономиканың басым секторларының бірі болып фармацевтика өнеркәсібі болып табылатыны анық айтылған, - дейді «Santo Member of  Polpharma» компаниясының бас директоры Влодзимирз Грыглевич.

Осы тұста айта кеткен жөн, фармацевтика саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасында 2014 жылдың соңына қарай  ішкі нарықтағы отандық дәрі-дәрмектердің үлесін  50 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.  Бұл биік межені бағындырудың оңайға соқпасы анық. Жалпы, бұған дейін еліміз қажетті дәрілік заттардың басым бөлігін шетелден импорттауға мәжбүр болатын. Айталық, 2005 жылы фармацевтикалық препараттардың импорт көлемі 26 миллиард  теңгені (186,6 миллион АҚШ долларын) құраған.  Сол жылғы  мәлімет бойынша, ішкі өндірістік күштер нарық қажеттіліктерінің бар-жоғы 11 пайызын қанағаттандыра алыпты. Былтырғы көрсеткіш шамамен 30 пайызға жетті. 

Өткенге шолу жасамай, болашаққа болжау жасау қиын. Компания өткен жылғы жұмысын жемісті аяқтады деп айтуға негіз бар. Зауыттың 17 жаңа препараті тіркеліп, 31-і қайта тіркелді. Ғылыми-зерттемелі сынау орталығының базасында қатты дәрі-дәрмек формаларының зертханалық сынамалы пилоттық бөлімшесі жасалып, іске қосылды. Техникалық және сараптамалық жабдықтармен қамсыздандырудың арқасында бөлімшеде алынған зертханалық үлгілер өндіріске және ары қарай да нарыққа енгізілуі жоспарланатын жаңа дәрі-дәрмек препараттарын дайындау қадамдарын егжей-тегжейлі зерттеу мүмкіндігін береді. 2013 жылға арналған басым міндеттердің қатарында қажетті зертханалық және сараптамалық жабдықпен техникалық қамсыздандыру, жұмыскерлерді оқыту және қызметкерлердің біліктілігін жоғарылату жоспарланып отыр. 

130 жылдық тарихы бар бұл зауыт бүгінде 20 гектар аумақты алып жатыр. Негізгі және көмекші өндірістің жұмыс істеуі үшін және ары қарай даму үшін де қажетті алаңдары бар. Тарихқа аздап көз жүгіртер болсақ, орыс көпестері Николай Иванов пен Никифор Савинков ашқан химиялық-фармациялық зауыттың алғашқы өнімі – сантонин атты өнім еді. Ол әлемде тек Оңтүстік Қазақстанда өсетін дермененің құрамында мол кездеседі.  Бұл Қазақстандағы тұңғыш химия зауытын ашуға үлкен әсер еткен фактор болды. Осы дәрілік зат Жапония, Германия, Үндістан, Англия сынды елдерге экспортқа шығарыла бастады.  Алғаш мақсарыдан май алу өндірісін қолға алған зауыт келе-келе техникалық морфин, кодеин, тебаин, папаверин, улы химикат-никотин, анабазин сияқты заттар шығара бастады. Зауыттың ең алғашқы корпустары қыштан тұрғызылды. Сантонин өндірісінің алғашқы өнімі 189 пұт көлемінде шығарылды. 1922 жылы зауыт жаңа өнім – техникалық морфинді шығаруға қол жеткізді. Көп жылдар бойы Шымкенттегі зауыт Түркістан өлкесіндегі жалғыз кәсіпорын болып қала берді. Соғыс жылдары зауыттың өнім өндіру көлемі күрт артты. Медициналық препараттар шығаруға басымдық берілді. 1942 жылы наурыз айында Мәскеудің алколоид зауыты Қазақстанға көшіріліп, "Химфарм" зауытының құрамына қосылды. Осыдан соң-ақ зауыт өнімдерінің қатары синтетикалық кодеин, қышқыл фосфорлы кодеин, дионин, никотин қышқылы, кардиомин, атропин, скополамин және новакаинмен толықты.         

Свердлов атындағы Киевтің орап-таңу зауытының "Химфармның" құрамына көшуі жұмыс ауқымы тағы да кеңеюіне себеп болды. Бинт, кристалданған йод, сүртпелі, сүртпесіз жақпалар шығара бастаған зауытта, сондай-ақ, висмут, азот қышқылын, омнопон, сальсолин, сапонин сынды препараттар өндірілді. 1944 жылы шәй тозаңынан таза кофеин, қатты қалдықтардан дайындалған анабадуст шығару қолға алынды.  

Кеңес одағы тұсында кәсіпорынның шығаратын өнім қатары анағұрлым көбейіп, 70-ке жуық дәрілік субстанцияның түрлері шығарылды. Алайда, 1980 жылға дейін зауыт Ресей, Белоруссия, Украина мен Балтық жағалауы елдерінде орналасқан фармацевтикалық кәсіпорындардың шикізат көзі болып қала берді. Бұдан соң жағдай біртіндеп өзгере бастады. Шымкенттік фармацевтикалық зауыт толыққанды дайын өнімдер жасап шығаруға ден қойды. 

Компанияның қазіргі өндірістік қуаттылығы жыл сайын 1 миллиард таблеткалар мен түйіршіктер, 200 миллион ампула, 24 миллион құты антибиотиктер және 20 миллион құты шәрбаттарын өндіруге мүмкіндік береді. Осындай қуаты жоғары кәсіпорында қазір жергілікті 1250 адам жұмыс істейді. Жыл соңына дейін жұмысшылар санын 1515-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 13,8 миллиард доллар сомасында ақшалай түсімге ие болып, 2011 жылмен салыстырғанда 63 пайызға өсті. Ал компанияның таза пайдасы 20 миллиард теңгені құрады. Бұл бір жыл бұрынғы табыстан 78 пайызға жоғары деген сөз. 

«Химфарм» АҚ бұл жетістіктері әлемдік деңгейдегі ірі фармацевтикалық компаниялардың назарынан тыс қалған жоқ. Айталық, Францияның танымал «Sanofi – Aventis» компаниясымен бірлесе отырып, 2009 жылы «Эссенциале-Н» инъекциялық ерітінді шығаратын өндіріс орны жұмыс істеуде. 

Зауыт жұмысын жандандыру үшін инвестицияларды көп тартуға тура келді. Күрделі инвестициялар тек жаңа қондырғыларды сатып алуға жұмсалған жоқ. Бәсекеге қабілетті компанияға айналу үшін мамандардың кәсіби деңгейін үнемі арттырып отыру керек болды. Бұл тұрғыда «Химфарм» акционерлік қоғамында нәтижелі жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, нарықта өзіндік брендтерді  насихаттау мақсатында арнайы маркетингтік бағдарлама қабылданып, ірі дистрибьютерлермен байланыс орнатылды. Қазіргі таңда Қазақстан мен ТМД-ның ірі қалаларында көптеген өкілдіктері жұмыс істеуде. Мұндай кешенді жұмыстардын нәтижесінде брендтік дәрі-дәрмектердің нарықтағы өтімі 80 пайызға артқан.  Бір сөзбен айтқанда, шымкенттік фармацевтикалық өнімдерге деген сұраныс тұрақты түрде артып келеді.  Осының барлығын ескерсек, отандық фармация саласын әлемдік деңгейге шығару, ішкі қажеттіліктің басым бөлігін өз күшімізбен өндіру мақсаты орындалар күн де алыс емес.  

Алда атқарылар жобалар әлі де көп. солардың бірі -- GMP стандартына сәйкес келетін қойма салу. Бұл мақсатқа шамамен 10 миллион доллар инвестиция салу көзделіп отыр. әзірге жоба әзірленіп,  қойма салынатын аймақ анықталу үстінде. Сондай-ақ, жаңа зертхана соғу ісі де күн тәртібінде тұр. Тағы бір маңызды жоба – қолданылмайтын май кешенінің базасында дайын таблетка цехын соғу болып тұр. Күрделі жобаның әзірленуіне Польша мен Италиядан келген халықаралық және Химфарм зауыты мамандары тартылуда. Компания басшыларының басты мақсаты – заманауи, жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті фармацевтика компаниясына айналу болып отыр.    

Мұрағаттан, 06.06.2012 ж

«Сайрам-Өгем» басшылығы туристік мекенді кен карьеріне айналдырған ба?
Шымкенттегі көлік базарын көшіру керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу