«Сайрам-Өгем» басшылығы туристік мекенді кен карьеріне айналдырған ба?

Oinet.kz 18-12-2014 1109

«Табиғатты қорғаушылар, сол Табиғат Ананың қойны-қонышын қопарып, бар байлығын тонап жатыр». Кешегі күні  Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркінің бұрынғы қызметкері, Төле би ауданы Көксәйек елді мекеннің тұрығыны Айтмахан Омаров редакциямызға осындай арызын айтып келді. Айтып қана қойған жоқ, айғақ ретінде өзі түсірген фотосуреттер мен бейнежазбаларды да қоса ұсынды. Оның сөзіне қарағанда үш жылдан бері Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағында техникамен кен қазылып, қазір ол үлкен карьерге айналған. Қазып жатқан бөтен жақтан келгендер емес, парк қызметкерлерінің өздері.

image.png

--Паріктің аумағындағы Қасқасу, Сайрамсу елді мекендеріне жақын аймақта Борлы деген сай бар. Осы сайды эксковатормен қазып, кен алып жатқанына үш жыл болды. Алынып жатқан кен--гипс. Ол құрылысқа пайдаланылады.  Естуімше, қазып алынған гипсты сатып алушылар  Шымкенттегі бір түрік фирмасы көрінеді. Күніне қытайлық «Howo» ауыр жүк көліктері 20-30 мәрте рейс жасайды. Олардың осындағы жаңадан салынған жолды да ұзамай талқандап бітетін түрі бар. Гипс саудасынан түскен кіріс мемлекеттің немесе парктің қазынасына емес, жеке қалтаға кетіп жатыр ма деген күдігім бар. Жаңбыр жауған кезде карьерден аққан су Сайрамсу өзеніне құйылады. Бұл өзеннен жақын жердегі Сайрамсу ауылының халқы су ішіп отыр.    

Карьердің табиғатқа келтіріп жатқан зияны орасан. Жерді аяусыз қазып жатқан эксковаторлар парк аумағындағы Қызыл кітапқа енген арша сияқты сирек кездесетін ағаштарды құртуда. Тамырымен қопарылып түскен оларды эксковатрмен қайта  көміп тастайды. Мұның жауабын кім береді? Сайрам-Өгем ұлттық паркі Төле би аудандық филиалының директоры Бекжан Оразқұлов па, әлде бас орманшы Сапар Ақжігітов пе, жоқ әлде аталған парктің бас директоры Жеңісбек Тұрғанов па?    

Кен қазушылар «бұларың қалай» деп сұрағандарға «мұның бәрі де адамға зиян екен, біз оларды тазартып жатырмыз» деген жауап қайтарады. Менің білуімше, әу баста парк басшылары бұлақтың көзін ашамыз деген негізбен осы жерде 6 адам, 2 техникамен жұмыс істеуге рұқсат алған. Бірақ қазір карьерде кен алып жатқандардың қарасы бұдан әлдеқайда көп.  Бас прокурордың, Қоршаған ортаны қорғау министрінің блогіне осы жөнінде арыз жазғанмын. Бірақ одан жартымды жауап болмай тұр. Төле би аудандық прокуратурасына да шағым бергенмін. Алайда заңдылықты қадағалаушы орган бәрін жылы жауып қоя салды.

Борлысайдан карьер ашып, көркіне көз тоймайтын табиғатқа зиян келтіріп, қала берді күнделікті ауыз суын былғап отырған парк басшылығының әрекетіне жергілікті халық та наразы. Ал, шындықты айтқан парк қызметкерлері басшыларға ұнамайды, мен сияқты жұмыстан қуылады. Сондықтан Сайрам-Өгем ұлттық паркінде болып жатқан осы жәйтқа құзырлы органдар назарын аударып, тиісті бағасын беруі керек деп ойлаймын.   

 Редакциядан: Сайрам-Өгем ұлттық саябағы 2006 жылы ұйымдастырылған. Оның аумағына Түлкібас, Төле би, Қазығұрт аудандарының ең көрікті деген жерлері кіреді. Сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі бай аймақтан саябақ ұйымдастырудағы басты мақсат – Батыс Тянь-Шань  тау жоталарындағы сол  табиғат байлықтарымызды қорғап қалу, қалпына келтіру және республикадағы экологиялық туризмді дамыту еді. Арызданушы айтып отырған жер—Сайрамсу өзенінің жағалауы, Сайрамсу шатқалы нағыз халықтың  демалатын, болашақта туризмнің ордасы болуға сұранып тұрған орын.  Сонда бұл аумақты парк басшылығы туристер демалатын мекенге емес, кен алатын карьерге айналдырып жібергені ме?

Бәлкім, табиғатты қорғаушылардың не себепті табиғатты тонауға көшкенін Сайрам Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі Төле би аудандық филиалының директоры Бекжан Оразқұлов, бас орманшы Сапар Ақжігітов айтып берер? Ал, аталған парктің бас директоры, осы салада ұзақ жылдар басшылық қызметтерді атқарып жүрген  Жеңісбек Тұрғанов бұл мәселеден хабардар ма?  Сауал бізден болды, енді жауапты жоғарыдағы азаматтардан күтеміз.  

Мұрағаттан, 13.06.2012 ж

«Бес бойдаққа бір той»
Әрбір бесінші дәрі Химфарм зауытында өндіріледі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу