Домбыра маусымы басталды
12-04-2024
Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында белгілі жазушы-драматург Тынымбай Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» атты комедиясының премьерасы өтті. Комедия еліміздегі театр репертуарларынан түспей жүрген спектакльдердің бірі. Өйткені қойылым халқымыз үшін қашанда маңызын жоймайтын ұрпақ тағдыры мәселесін күлкінің астарымен жеткізген дүние.
Қарапайым отбасындағы қызықты оқиғалардан құралған пьессаның басты кейіпкері Қырманбай қарт. Ал бес бойдақ деп отырғанымыз Қырманбай және оның ұлдары. Оқиға желісі бойынша әкесі көзі тірісінде балаларының отау құрып, үйлі-жайлы болғанын қалап, болашақтарына алаңдаулы болып жүреді. Үш ұлы мен екі қызы өздерінің сүйгендерін әлдеқашан тапқан, тек әкелерінің батасын күтіп жүр, әрі алдымен әкелерін үйлендірмек болып шешеді. Осы кезде Қырманбай ақсақалға да ғайыптан қалыңдық пайда бола қалады. Ол қартпен де, оның бала-шағасымен де тез тіл табысып кетеді. Ерінен ерте айырылған әйел жалғыз қызының қызығын көре алмай үйінен қуылған. Ол ақсақалдың кеңестік заманнан қалыптасқан түсінігін өзгертуге тырысып, жастардың жаңаша ойын қостап, капитализмді қолдайтын көңілді әйел. Комедияның ажарын келтірген оқиға-- түнделетіп үйінің маңын жағалаған болашақ күйеу балалар Күйкебай мен Шүйкебайды көру үшін үйдің кенжесі Жарболғанның көңілінен шығамыз деп әлек болуы. Оқиға соңында барлығы өз сүйгендеріне қосылып, бес бойдақтың тойы бір күнде өтуімен аяқталады. Cпектакльдегі оқиғаларда зіл жоқ, жеңіл әзіл, әдемі қалжыңға толы. Әрбір кейіпкердің қимыл-әрекеті, мінез-құлқы күлкі шақырады.
Қырманбай рөлін сомдаған Мұхан Шәкіров драма, трагедия жанрында талай рет өнер көрсеткенмен, осыған дейін комедия жанрында ойнап көрмепті. «Ауыр соққаны рас. Бірақ актер болған соң, режиссер қандай тапсырма берсе де барымызды салып, ойнап шығуға тырысамыз»,- дейді ол.
Пьесса осыған дейін Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы драма театрында сахналанған. Оның режиссері Әубәкір Рахымовты біздің театр ұжымы арнайы шақыртқан екен. «Екі театрдың әртістері бір комедияны ойнағанымен актерлік шеберліктері мүлдем ұқсамайды, әрқайсысының өзіндік қасиеттері бар»,- дейді режиссер. Жақында театрдың 80 жылдығына орай «Бес бойдаққа бір той» комедиясын М.Әуезов театрының әртістері біздің сахнада қоймақ. Ал шымкенттік көрермендер жергілікті өнерпаздардың шеберлігіне аса тәнті болды. Театрдың іші лық толы болып, қошеметті де аямады.
Мұрағаттан: 18.04.2013