Ұлтымыздың ұйытқысы - Оңтүстік

Oinet.kz 24-04-2014 1122

Ұлтымыздың ұстыны, ұйытқысы-- Оңтүстік дегенде ұлылардың мекені, әулие-әмбиелердің табаны тиген, мәңгілік тыныс тапқан жер, қасиетті Қазығұрт пен Қаратау, сырлы Созақ, киелі Түркістан, бірлік пен ынтымақтың бастауы—Ордабасы еске түседі. Оңтүстік ойға оралғанда қазақтың сары даласындай пейілі кең, жүрегі таза, ниеті ақ, ақ  халықтың ыстық ықыласын, дархан жүрегін сезінесің. Оңтүстік туралы толғанбаған қазақ жоқ шығар, сірә.

image.png

Кез-келген ұлттың дүниетанымы, жаратылыс туралы таным-түсінігінің түп тамыры аңыз әңгімелерге барып тіреледі.  Ал, қазақ мифологиясының түп-тамыры Оңтүстіктен, дәлірегі Қазығұрт тауынан, осында топан судан кейін қайырылған Нұқ пайғамбардың кемесінен бастау алады. 

«Қазығұрттың басында кеме қалған, 

ол әулие болмаса неге қалған»,- дейді атам қазақ. Қойнауына құт-береке дарыған Қазығұртқа барғаныңда осы аңыздың астарында шындық барына сенгендей боласың.  Ғайып-ерен қырық шілтен әулиелі мекені, осындағы Адам ата мен Хауа ананың тасы бүкіл адамзаттың Қазығұрт өңірінен тамыр жайып, нәр алғанына еріксіз иландырғандай болады.  Аңыздарға қарағанда  Қазығұрттың басына келіп тоқтаған Нұх пайғамбардың кемесінде аман қалған адамзат, жан-жануар алғаш рет Сайрам жерінде тіршілік еткен. Адамзаттың екінші өмірі осы жерден басталған дейді. Бұл аңыздың да түбі негізсіз емес. Сайрам парсылардың ислам дейінгі  көне кітабы «Авестада» ұшырасатын, тарихы сонау сақ дәуіріне барып тірелетін көне қала. Қазақ топырағынан Сайрамнан көне қаланы кездестіре қоюыңыз екіталай. Көне Исфиджаб  Ұлы жібек жолының бойындағы өркендеген қалалардың бірі болды. Қазақ жеріне исламның туы алғаш тігілген жер де осы «Сансыз баптардың мекені» атанған Сайрам. Ол бертінде қазақ хандығының негізгі тірек қаласына айналды. Сайрамдағы дала парламенті атанған Мәртөбенің көшпенді ғұмыр кешкен қазақ қоғамындағы орны зор. Қазақ хандығындағы маңызды мәселелерді шешіп отырған Мәртөбе халқымыздың ежелден демократиялық үрдістерге жақын екендігінің, ел билеген хан-сұлтандардың қара халықтың пікірімен, қалауымен үнемі санасып отырғанының дәлелі. 

Тарихтың 1456 жылында Керей мен Жәнібектің Әбілхайырдан бөлініп, Шу бойындағы Қозыбасы деген жерде Қазақ хандығының негізін қалады. Ал, өз алдына енші алып, шаңырақ көтерген жас мемлекеттің нығаюы, кемелденуі Оңтүстікте, дәлірегі Сырлы Созақ жерінде болғаны белгілі. Өз заманында белгілі ғалым Әлкей Марғұлан да Созақтың қазақ хандығының негізгі тірегі болғанын, Қазақ хандарының сыртқы жаумен күресіндегі басты таянышы, стратегиялық тұғырына айналғанын жазған. Кейбір зерттеушілер Керей мен Жәнібектің моласы да Созақ даласында жатқанын айтады. Тарихтың талай сырларына куә Созақ даласының қазақ үшін қасиетті болатыны да содан. 

Сыр бойындағы қалаларының ішінде, қазақ тарихы үшін ерекше орны бар Отырарды ауызға алмау мүмкін емес. Монғол шапқыншылығы кезінде жер мен жексен болған қала қазақ тарихы үшін ең үлкен трагедия «Отырар апатымен» есте қалды. Осы апатта әлемде кітап қоры жағынан екінші орын алатын Отырар кітапханасы жойылып кетті. Бұл қазақ жеріндегі ғылым мен білімнің ықылым замандарда-ақ өркендегенінің дәлелі. Әлемнің екінші ұстазы, Аристотельден кейінгі данышпаны, ғұламасы атанған әл-Фарабидің Отырар топырағында дүниеге келгені де біз үлкен мақтаныш. 

Түркі халықтары үшін ежелден қастерлі орын есептелген Түркістанда Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі Қазақстан ғана емес күллі Орта Азиядағы ең алып тарихи ғимарат болып саналады. Сондықтан да сәулет өнерінің жәуһары ЮНСЕКО-ның мәдени мұралар тізіміне қазақ топырағынан енген алғашқы мұра болды. Кесене аумағында Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр сынды қазақ тарихында орны бар көптеген игі-жақсылардың жамбасы тиді. Кеңес одағы кезінде елеусіз қалған Түркістан Тәуелсіздікпен бірге қарыштап дамып келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 1991 жылы универстеттің негізі қаланды. Бүгінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті іргелі оқу ордаларының біріне айналды. 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтті. Содан бергі 12 жыл ішінде Түркістанның келбеті адам танамастай өзгерді. Көптеген әсем ғимараттар салынып, «Ер Түріктің бесігі» күн санап көріктеніп келеді.  Осында екі жыл бұрын  этно-мәдени орталық салынды. Былтыр Елбасының Түркия Республикасының президенті Абдолла Гүлмен кездесіп, Түркістан бауырлас Түркия елімен арадағы достықтың дәнекеріне айналды. Осы кездесуде Елбасымыз «Бәріміз байырғы баба – батыр түркінің кіндігінен өсіп-өнген ұрпақпыз. Тіліміз жақын, тілегіміз бір. Тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ. Жер арасы шалғай болғанымен, ғасырлар қойнауынан үзілмей жеткен асыл құндылықтарымыз алтын арқаудай бізді етене жақындастырады» деді. Осы айтулы басқосуда Түркия президенті Елбасыны Түркі халықтарының көшбасшы ретінде ұлықтап, иығына шапан, қолында асатаяқ ұстатты. Бұл Елбасының ғана емес, барша қазақтың мерейі. Ол Тәуелсіз қазақ мемлекетінің түркі мемлекеттерінің арасында көшбасшы елген айналып отырғанын көрсетті. «Түркі тектес түгел бол» деген кешегі алаш арыстарының арман-тілегіне арқау болған Түркістанда  түркі тілдес елдерден білім іздеп келген жастардың табысатын құтты мекеніне айналды. Ахмет Ясауи университетінен қанат қаққан қаншама маман бүгінде Қазақстан мен Түркияда ғана емес, ТМД және Еуропа елдерінде түрлі салалар бойынша жемісті еңбек етіп жүр. 

Жалпы, Елбасының Оңтүстік өңіріне деген ықыласы, пейілінің де ерекше екенін атап өткен абзал. Кешегі алып империядан енші алып, өз алдына шаңырақ көтерген жас Қазақстан көптеген қиындықтарды бастан өткерді. Тәуелсіздіктің таңында, жолайырықта Елбасымыздың өзінің де Оңтүстіктің киелі топырағына тәу етуі тегін емес. Иә, есімізде… 1993 жылы, Ордабасы тауы!...қазақ, өзбек, қығыз елдері басшыларының басын қосқан, бірлік пен ынтымақтың белгісіне айналған  Ордабасы кездесуі!

Қазақ тарихының ең қаралы беттерінің бірі, халқымыздың басына ауыртпашылық алып келіп, тәуелсіздіктің  тағдыры таразыға түскен сәтте қазақ хандары мен батырларының, билерінің Ордабасы тауында бас қосып, жоңғарларға қарсы майданға біріккені белгілі. Араға екі жүз жыл елу жыл жуық уақыт салып, Елбасымыз 1993 жылдың 27-29 мамырында осы Ордабасы тауында өзбек президенті Ислам Каримовпен, қырғыз президенті Асқар Ақаевпен кездесті. Тіл ауымыз тасқа дейік, үлкен істі береке-бірлікпен, өзара бәтуамен бастаған қазақ елінің бұдан кейінгі қадамы жаман болған жоқ. 

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов Оңтүстік Қазақстан облысына үш рет сапар шегіп, осындағы  халықтың өткені мен бүгінін зерттеді, жас өскін, зиялы қауым өмірімен танысты, жас қаламгерлермен, өнерлі қауыммен кездесулер өткізді. Осы сапарында Оңтүстік жұртшылығының өнеріне тәнті болған Мұқаң «Созаққа барсаң күйшімін деме, Шаянға барсаң әншімін деме» деген қанатты сөзін қалдырды. Тауып айтылған сөз. Оңтүстіктің топырағынан түлеп ұшқан қазақ өнерінің марғасқалары жетерлік. 

Облыс орталығы Шымкент қаласы бүгінде өркендеп дамып келеді. Елбасымыз Оңтүстікке жасаған сапары барасында Шымкенттің Қазақстандағы үшінші қала атанатынын да баса айтқаны есімізде. Республикада Астана мен Алматыдан кейінгі қала болашақта ірі экономикалық орталық болумен қатар білім мен өнердің ордасына айналмақ. Шымкентте опера және балет театры салынып, Шәмші атын иемденген филармония заманауи ғимаратқа көшті. Мұз сарайы, Қазақстанда теңдесі жоқ спорт кешені пайдалануға берілді.  Республикадағы үшінші цирк те Шымкентте ашылды. Осының барлығы да алдымен тәуелсіздіктің жемісі, Оңтүстік жұртшылығының еңбекқорлығының, талапшылдығының жемісі.  Халқымызда «Алла тағала пейіліне береді» деген сөз бар. Сол айтпақшы, 80 жасқа толған Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын қашанда пейілі ақ екі жарым миллион халыққа Құдай бергенінен жазбасын деп  тілейміз. Бабалардан қалған игі дәстүрлерді жалғаған, қашанда орны бөлек Оңтүстіктің даңқы арта берсін деп тілейміз. 

Мұрағаттан, 2012 ж

Мақтааралда ақиқат іздеген адам атыла ма?
«Бес бойдаққа бір той»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу