Мақтааралда ақиқат іздеген адам атыла ма?

Oinet.kz 28-11-2012 839

«Бірлігінен береке кеткен біздің «Бірлік» орта мектебінде ағайлар мен апайлардың жағасына жармасып, аяусыз соққыға жыға салу, балағаттау, ата-аналарға қоқан-лоққы көрсету соңғы кезде  әдетке айналды. Ал оқушылардың  маңдайларына  тапа-тал түсте тапанша тіреп қорқытады. Қарапайым мұғалімдер түгілі ұжымның басшысына дейін бәрімізді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстау үшін ар-намысымызды, құқығымызды  әбден аяққа таптап бітті.  Сүйенер тірегінің мықтылығы арқасында қалай болса солай «қоныштан басудан» қорықпайтын мектеп директорының орынбасары Әтіркүл Бейсекова мен оның отбасы мүшелерінің қорлық-зорлығына  араша түсер адамның табылмауы, ешқандай шара қолданылмауы жанымызға батып барады. Керісінше жазған арызымыз бойынша келген тексерушілер Бейсекованың сөзін сөйлеп, өзімізге айбат шегетіні тым шектен шығушылық қой. Солардың бірі:  «Ақиқат іздеген адам атылады. Кезінде ақиқат іздеймін деген Заманбек пен Алтынбектер де атылды емес пе? Сіздерге де керегі сол ма?» дегенін естігенде тұла бойымыз түршігіп кетті....»

image.png

«Жас Алаш» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті  тілшілер  қосынына, «Рейтинг» газетіне Мақтарал ауданындағы  «Бірлік» орта мектебінің ұжымынан, сол мектепте оқитын оқушылардың ата-аналары атынан келген сала құлаш арыздың қысқаша түйінін ғана барынша ықшамдап жазып отырмыз. Президенттен бастап Үкімет жетекшісіне,  республикалық, облыстық, аудандық құқық қорғау органдарына  жұрттың жағасын ұстатқан мектептегі бұл сұмдық жағдай туралы жан-жақты баяндалған хат бірнеше дүркін жазылыпты.  Әзірге көмек сұраған көпшіліктің жанайқайы жар басындағы жаңғырық болудан әріге аспауда. Әрине, әдеттегідей арыз алдымен ауданға, одан облысқа, әрі қарай шиеленіскен мәселе дұрыс шешімін таппаса Астанаға жіберілетіні түсінікті.  Астанадағылар сол арызды қайтадан облысқа, олар оны ауданға жолдайтыны жаттанды сценарийге айналғалы қаш-а-ан. Ал аудандағы шен тағып, шекпен киген «жарты патшалар» не істейтіні белгілі.  «Әне, көрдіңдер ме, қайда шағымдансаңдар да  бәрібір жанайқайларыңа қандай төрелік айту біздің құзырымызда» деп, шындық іздеген арызды тартпаға қараусыз тастай салатындары елге таңсық тірлік емес.  «Бірлік» мектебіндегі әбден ушығып, шарықтау шегінен асқан дау да бүгінде осы қалыптасқан сценарийдің аясынан шыға алмай жатыр. Ашынған ел «енді тағы бірер күннің ішінде мәселе оң шешілмесе амалымыздың қалмағандығынан ереуіл ұйымдастырамыз» деп отыр. 

Жалпы, соңғы кезде Мақтарал жақтан ар-намысты, құқықты аяққа таптау, көтерген мәселеге көпе-көрнеу көңіл аудармау, әлеуметтік шиеленіс  көбейіп кеткендіктен елдің ереуіл жасауға бекіне бастағандары жайлы жиі айтылып, жиі жазылып жүр. Жаздың ортасында ағын судың  тапшылығынан қатты қиналған шаруалар ереуілдің шетін шығарып, шу көтергенін білеміз. Олар аудан әкімі Серік Тұрбековтің сын сағатта елге қол ұшын созудың орнына жыл сайын дәл науқанның тұсында түк болмағандай еркелеп, демалысқа кететініне қынжылады. Ал «Халықтар достығы» ауылындағы әлеуметтік ахуалдың нашарлығына наразылықтары күшейген Батыр аналар аштық жариялаудан тайынбайтындарын ашып айтулары елді елең еткізді. Балағынан бала саулаған Батыр аналардың мұқтаждығын тыңдайды дейтін аудан басшысы  Тұрбековті олар әкім болғалы әлі бір мәрте де тірідей көрмеген. Әкім шырақ  елмен кездесуге мүлдем келмеген.  Ауылдарға арнайы ат басын бұрып, шындықты есту былай тұрсын аудан әкімінің елге есеп беруі кезінде сыни пікірін ашық айтқаны үшін полицейлердің  өңірге танымал қария, қажы Қилыбай Ырсаевты  жас балаша сүйрелеп, жиыннан шығарып жібергеніне күлесіз бе, жылайсыз ба?   

Әуелгі даулы әңгімеге қайта оралайық. 

--«Бірлік» мектебіндегі сорақы жағдай жөнінде  аудан әкімі Серік Тұрбеков  толық хабардар. Мектеп директоры Ғалымжан Торбаевтың әкесі Зақан қария әдейі әкімнің қабылдауына жазылып жүріп, даудың төркінін терең түсіндірген. Дауды ушықтармай шешуді өтінген. Оң өзгеріс болмаған соң жазылған арызды өз қолыммен аудан әкіміне мен де апарып бергенмін. «Мәселені шешеміз, тиісті шара қолданамыз» деген жауап естіп, бастапқыда қуанып қалғанбыз.Өкінішке қарай айтылған уәде құрғақ сөз болумен шектелді,--дейді ауыл биі Ыдырыс Нұрқоджаев.  

Мұндай берекесі кеткен, бірлігі қашқан тірлік тек «Бірлік» мектебінде емес. 120-дан астам орта мектебі бар Мақтарал ауданындағы басқа  білім ошақтарының бірқатарында бүгінде дау-дамайдың оты өршіп тұр.  Даудың отын сөндірумен шұғылданулары тиіс аудандық білім бөлімі басшыларының өзі былыққа белшесінен батып қалған.  Нақтырағына көшсек, аудандық білім бөлімі облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың мектеп жанынан жылыжайлар ашу туралы тапсырмасын құжат жүзінде ғана орындап, құлқын қамы үшін жалған құжат рәсімделген. Сөйтіп  мердігер компаниямен сыбайласып,  33 мектептің жанындағы  жылыжайға бюджеттен бөлінген миллиондаған теңге талан-таражға түскен. Тек қағаз жүзінде бар жылыжайларға қатысты  қаржы полициясы қылмыстық іс қозғағалы біраз болды.  

«Балық басынан шіриді» демекші білім саласындағы келеңсіздік аудан әкімі Серік Тұрбековтің нақ өзінен бастау алатынына еріксіз бас шайқадық. Аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен  мақтаралдық ұстаздардың жалақысына қаралған қаржы  (шамамен 500 миллион теңгеге жуық) өзге мақсатқа жұмсалып кеткені облыс әкімдігінде өткен жиында қатаң сынға ілікті. Мәссаған, «мәледес»! Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында жалақының кешіктірілмей берілу керектігі айрықша айтылғанын  басқалар қызу насихаттап жатқанда Мақтарал ауданының әкімі Серік Тұрбековтың дәл сол күндері «ағысқа қарсы жүзген» бөлекше шешім қабылдағаны қайран қалдырады. Мақтаралдағы білім ошақтары онсыз да дау-дамайдан көз ашпайтыны аздай оған әкім Серік Тұрбековтің «сіңірген еңбегі» арқасында ұстаздардың ұдайы жырымдалып берілетін  азын-аулақ жалақысының  кешіктірілуі қосылып, ұлардай шулаған ырду-дырду тірлік шәкірттердің білім сапасына кері әсерін тигізбей қойсын ба?  Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағында биыл аудан түлектері тым нашар нәтиже көрсетті.  Мақтаралдық мектеп тәмамдаушы түлектердің  көрсеткіші сынаққа қатысу жағынан облыстық деңгейден әлдеқайда төмен бола тұра  «Алтын белгіге» үміткерлердің 10 пайызы ғана өздерінің осы атаққа лайық екендігін дәлелдеген.  

Әкім Серік Тұрбековтың «көтере алмас шоқпарды беліне байлап» жүргенін айқындайтын айғақ көп. Мақтарал ауданында қазір білім ғана емес, қайсыбір  сала болмасын аяқ басқан сайын алдыңнан айқай-шу  шығып, кешірілмес келеңсіздіктер «көзге шыққан сүйелдей» көрініп тұрады. Тіпті, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау да айтыс-тартысқа ұласқаны ұят-ақ тірлік.  Ал  Алаш ауылындағы былтыр ғана мемлекеттік қабылдаудан өткен, бюджеттен бөлінген   22 715 682 теңгеге су жаңадан салынған  медициналық мекеме ғимаратының биыл құлағалы тұрғаны әжептеуір айқай-шуға тамызық болды. Бұл кемшілікті  прокуратура анықтағанға дейін елдің иесі, әкім дейтін дардай атағы бар Тұрбеков  аудан аумағындағы құрылыстың сапасын қадағаламай ай қарап жүрген бе? 

Мәдениет саласында да шешімін таппай шиеленіскен мәселелер  шаш-етектен. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында ұжымның өз ішінде   дау туғаны қынжылтады.  Мақтарал өңіріне даңқы кеңінен мәлім  Шаблан Ділдәбековтың атындағы мұражайды мүсәпір күйден құтқаратын жанашыр жан іздеп,  марқұмның қызы Ботагөз Ділдәбекова жанталасып жүр. Аудан әкімі С.Тұрбековтың қабылдауына барса сөзін соңына дейін тыңдағысы да келмеген. 

Ауыл шаруашылық саласы да айқай-шудан арылмай тұр. Диқандарға арзандатылған тыңайтқыш таратудан жыл сайын жанжал шығады. Кәнігі диқан Елемес Сабыров халықтың денсаулығын сақтау мақсатында мақта зиянкестеріне қарсы улы химикаттарды емес, биологиялық тәсілді қолдану дұрыстығына бірнеше айғақтарын алға тартып, жан-жаққа шабылудан шаршамаған  ақсақал. Ол  ұсынысы  Парламент депутаттары,  облыс әкімдігі  тарапынан қолдау тапса да  аудан әкімі Серік Тұрбековтің қарсылық танытудан танбай келе жатқанына қапалы.

 Айқай-шу, өкпе-реніш, дау-дамай, әсіресе, тұрғындар күнделікті тұтынатын ауыз су төңірегінде жетіп, артылады. Аудан әкімдігі болса елді мекендердің орталықтандырылған құбырмен сапалы ауыз су тұтынып отырғанын, бөлінген қаржылардың толығымен игеріліп жатқанын жарнамалап әлек. Жалған ақпармен жарылқаған мұндай көзбояушылық, ақылға қонымсыз  көрсеткіштер ауыз судың азабын тартқан ауыл тұрғындарының ашу-ызасын оятып, мемлекеттің желге ұшқан есіл қаржысының есебіне жете алмай жүр. 

Коммуналдық шаруашылық саласында да шикілік аз емес. Бір ғана дәлел. «...Көгалдандыру, көріктендіру жұмыстарына былтыр 148 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, игеріліпті. Құжатқа сүйенсек, аудан бойынша 69 гектар абаттандырылыпты. Бұл дегеніңіз кішігірім орман. Сол 69 гектар жерден көгеріп тұрған 6 ағаш таппайсың...» дейді  аудандық мәслихаттың депутаты Зияддин Ахмет.

Мақтаралда саяси аураның да ахуалы көңіл алаңдатады. Талас, тартыс, дау-дамай. Әкім Серік Тұрбековтің тапсырмасымен биылғы мәслихат сайлауының былық-шылығы, шектен шыққан әділетсіздіктер бұрынғы жылдардағы науқандардан әлдеқайда асып түскенін бұған дейін де «Жас Алаш», «Рейтинг» газеттерінде жазғанбыз. Сол тұста додаға ат қосқан үміткер Оразалы Қамбаровтың Тұрбековті түйреген ащы ой-пікірі   газетте жарық көрді. Одан кейін аудандық мәслихаттың хатшысын сайлаудан да шатақ шықты. Бүгінде бір-бірімен келіскен, кеңескен түрде мәселе шешіп, құстың қос қанаты секілді  бірлескен қимылмен тірлік кешуі керек аудан әкімдігі мен мәслихат өзара қырғи-қабақ екенін  елдің бәрі айтып жүр. Әкімдік пен мәслихат өзара түсініспесе, Мақтаралда тіршіліктің түтіні түзу ұшуы қиынға соғатыны анық. 

Тізбектесең таусылмайтын, біз айтпаған кемшіліктер қаншама. Басқасы басқа, ауданда «Ақиқат іздеген адам атылады» деген пікірдің тарауы, оған байланысты әкім Тұрбековтің ешбір шара қолданбай, түк естімеген адамша алаңсыз жүруі тіпті түсініксіз.   Міне, аудан әкімі Серік Тұрбековтің тұсында бүгінде Мақтаралда осылайша масқара жағдай қалыптасып отыр.  Әкімдікке тағайындалған кезде елдің мүддесі жолында аянбай тер төгуге серт берген Серік Тұрбековтің сенімді ақтаған сиқы осы ма? Елдің көзқарасымен  санаспау, елдің пікіріне пысқырып та қарамау, елді аралап, мұң-мұқтажына құлақ аспау, елдің жанайқайына көпе-көрнеу көзжұмбайлық таныту салдарынан қайсыбір сала болмасын айқау-шудан, дау-дамайдан, айтыс-тартыстан көз ашпай, «ақ алтын» дейтін мақта өсіретін мақтаулы өңірдің ынтымағы ыдырап, масқара жағдайға ұшырағаны өте өкінішті. Айтпақшы,  атам қазақ «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дегенді қарғыстың ең ауыры санаған екен. 

Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Көкенованың сүрінуін көксеп жүргендер кімдер?
Ұлтымыздың ұйытқысы - Оңтүстік
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу