Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Көкенованың сүрінуін көксеп жүргендер кімдер?
Соңғы уақытта денсаулық сақтау саласы төңірегінде ашық түрде айтылып жүрген шағым, әсіресе домалақ арыз көбейіп кетті. Білеміз, кейбіреулер әділдікке жетудің жолы қиын екендігін білгендіктен, шындық жеңеді деп жүргенде тағдыры шырғалаңға түсетініне әбден аузы күйгендіктен домалақ арызды домалатуды дұрыс көреді. Домалақ арыздың қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін зерттеп, зерделеместен оны «іздегенге сұраған» деп қуана қабылдап көңіліне жақпай жүрген адамдарын қуғын-сүргінге ұшырататын әпербақан басшылар да бар. Егер сол домалақ арыз арнайы тапсырыспен жазылып, тасада тұрып тас атушылардың тірлігі болса ше? Онда іскер, адал адамның ар-намысын, абырой-беделін аяққа таптау, жүйкесін жүндей түтіп жұқарту, сау басына сақина іліп, тағдырын тәлкекке салу үшін домалақ арыз таптырмайтын тәсіл болып шықпай ма? Әрине, домалақ арызға байланысты әркімнің ұстанымы әрқилы. Ал облыстық №1 перинаталдық орталықтың бас дәрігері Мадина Көкенова домалақ арызды жұрттан жасырып-жаппай, оның тағдырын көпшіліктің көзінше, ашық түрде талқылайтын басшы екен. Осы аптада перинаталдық орталықта сондай домалақ арыздың біреуін талқылаған жиын өтіп, оған біз де қатысқан едік.
Облыстық №1 перинаталдық орталықтың бас дәрігері Мадина Көкенова
«...Біздер, облыстық перинаталдық орталығының қызметкерлері бас дәрігер М.Көкенованы жұмыстан босатуды сұранамыз. Адамдармен әдепсіз сөйлесетін, тіпті қолымен ұрып жіберуден де тайынбайтын ол бұрынғы бас дәрігер Гүлжан Задинаны жұмыстан кетіріп оның орнына өзі жайғасу үшін түрлі қитұрқылықтарға барды. Ұжымның ауызбіршілігіне іріткі салды. Орталыққа басшы болып келген бір жылға жуық уақыт ішінде ана өлімі көбейді. 87 қызметкерді жұмыстан босатты. Есесіне қаптаған туысқандарын жұмысқа орналастырды. Жасанды түсік жасататындардан қыруар ақша алып, пайда табады...». Шымкент қаласы Бәйдібек би көшесі – 13 үйдің тұрғыны Лола Абубакирова деп қолы қойылған домалақ арыздың қысқаша нұсқасы осы. Орысша нұсқадағы арыздың авторы Гулчехра Шайхсламова. Бір аптаның ішінде жазылған екі бірдей арызды да домалақ деуіміздің себебі перинаталды орталықта аты-жөні ондай қызметкерлер мұнда бұрын да болмапты, қазір де жұмыс істемейді екен. Бас дәрігер өзінің жиналысқа қатысу, қатыспау мәселесін көпшілік қалай шешсе солай болатынын айтқан еді. Оны жиынға қатыстырмау жайлы мәселе көтерілген жоқ.
- -Егер арыз шын мәнінде ұжым мүшелерінің атынан жазылса, мейлі авторлар анықталмаса да айыптаулар рас болса, елдің көзінше ашып айтыңыздар. Облыстық медицина қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Рита Агниязованы арнайы шақыртқанымыз да осыдан. Расында да өз басым ұжымның пікірін білгім келеді, бәлкім, шын мәнінде жұмысыма көңілі толмайтындар бар шығар? Осыған дейін К.Сәрсенбиев деген азамат қаржы полициясына шағымданған болатын. Сол шағымның негізінде арнайы тексеру жүргізілді. Жұмысымда қылмыс белгілері болмағандықтан, қылмыстық іс қозғаудан бас тартты. Шағымда жүйке ауруына шалдыққан сіңлісін жұмысқа алды деп жазғырыпты. Иә, мен сіңлімді даяшы ретінде жұмысқа қабылдадым. Ол 5 дәрежелі даяшы. Үш баласы бар жалғызбасты ана. Онымен барлықтарыңыз таныстыңыздар, бірге жұмыс істеп келе жатырсыздар, ешқандай да жүйке ауруының белгісі байқалмайтынын білесіздер. Қаржы полициясы облыстық денсаулық сақтау басқармасына «іс-әрекет сыбайластыққа жатады, сондықтан, тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс» деген ұсыныс жіберген болатын. Мен қаржы полициясына өз ұсыныстарын кері қайтарып алулары жөнінде қызметтік хат жолдадым. Бірақ, олар менің талабымды орындаудан бас тартты. Содан соң прокуратураға шағымдандым. Прокуратура менің іс-әрекетімде тәртіптік жауапкершілікке тартатындай құқық бұзушылықтың жоқтығын анықтады, - дейді бас дәрігер Мадина Көкенова.
Домалақ арызды ашық талқылау біршама уақытқа созылып айтылған айыптауларды көпшілік теріске шығарды. Домалақ арыздың артында бақай есебі бар біреулердің тұрғаны тілге тиек етілді. «Бізге қуанышта да, қайғыда да қасымызда бірге болатын Мәдина Көкенова сынды жанашыр басшы керек. Іскерлігі мақтауға тұрарлық. Басшының жиі ауысқанынан жұмыс сапасы төмендейді». Бұл ұжым қызметкерлерінің жиында қабылдаған шешімі. Ауыр айыптаулардың аз да болса шындыққа жанасатынын айтатын ешбір жанның табылмауының өзі біраз жайтты аңғартпай ма? Перинаталдық орталықтың бас дәрігері М.Көкенованың облыстық денсаулық сақтау басқармасымен арадағы түзген келісім-шартының мерзімі 21-желтоқсанда аяқталмақ. Арызды ұйымдастырушылардың тасада тұрып көксейтіні осы келісім-шартты әрі қарай ұзартуға кедергі жасау болуы мүмкін деген де жорамал жасалды. Ұжым қызметкерлері ашық талқылауға арналған жиын бойынша хаттама түзіп, тиісті мекемелерге, лауазым иелеріне жолдауды бірауыздан ұйғарды.
Ал «Рейтинг» газеті кім қандай шағым айтпасын, кім қандай іс-шараға арнайы шақырмасын құлақпен естіп, көзбен көргенін көлденең тартып, ал айыптауларға бұлтартпас нақты айғақтар келтірілсе оны қай кезде де жазудан, жариялаудан жасқанып қалар жері жоқ.
Ш.Мекенбайұлы