Абай Құнанбаевтың шығармалары ОҚМУ-да озық тәсілмен оқытылуда

Oinet.kz 01-11-2012 951

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Абайтану» ғылыми-оқыту орталығының жұмыс істейтінін біз бұған дейін де «Рейтинг» газетінде  жазған болатынбыз. Қазақстанда үшінші болып ашылған орталық қазақтың классик ақынының өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттап, оның өлеңдері мен қара сөздерін оқыту арқылы жас ұрпақ санасына «толық адам»  идеясын қалыптастыруды көздейді. Сонымен қатар орталық Абайдың өлеңдерін орыс, ағылшын тілдеріне аударып, қажетті көптеген оқулықтарын дайындап отыр. Орталық құрамына аса көрнекті абайтанушы – ғалым, филиология ғылымының докаторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы бастаған көптеген профессор, ғалымдар қызмет атқаруда. Төрт жыл уақыт ішінде студенттерге «Абайтану» пәні таңдау пәні ретінде оқытылып жүр. Ғалымдар Абай мұражайымен тығыз байланыста көптеген іс-шаралар өткізіп, Абай оқуларының байқауларын өткізуде белсенділік танытып отыр. Бүгінгі таңда оқу орнының білікті басшысы Ж.Мірхалықовтың тікелей қолдауымен  орталық әрі ғылыми, әрі оқыту процесінде «Абайтанудың» зерттелу және оқытылу деңгейін әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, инновациялық оқыту мен зерттеу мәселелерін тереңдете зерттеп келеді.

image.png

Жуырда Ұлы ақынның туған күні кеңінен атап өтілген поэзия кешінде аталған «Абайтану» ғылыми-оқыту орталығының меңгерушісі Саттар Өмірзақов: 

- Абайдың жолы  - қазақ ұрпағына көрсеткен кемел болашақтың жолы екенін бүгінгі жастарға ұғындыруға біздің орталық бар күш-жігерлерін жұмсауда. Аз уақыттың ішінде көптеген жиын, конференция, дәрістерді өткізіп, басқа да аймақтарға үлгі-өнеге көрсетіп жүр деп айтсақ артық болмас. Дарынды ғалымдарымыздың арқасында Абайдың бұрын-соңды белгісіз қырлары ашылды. Абайдың қазақ поэзиясына енгізген  17 түрлі жаңалығы әр лекцияда, әр сабақта дәріс тыңдаушыларға жеке-жеке талданып оқытылды,--деген болатын. Университетте Ұлы ақынның белгісіз қырларын зерттеп, оны көпшілікке танытып келе жатқан филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы ғалым Сейдалы Оразалиевтің «Абай және инновация» деп аталатын мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Адам баласының рухани даму жолында енетін мәдени құбылыстар ел сауатсыз кезінде көзі ашық адамдар, яғни, мұғалімдер арқылы қалыптасты. Ақпаратты технологияның дамыған кезінде мүғалім ақпараттың нақты көзі болудан қалды, олар тек ізденушілердің көмекшісіне айналды. Бүгінде инновациялық технологияны игермеген әрбір жан өмір барысынан ығыстырылып шығарылатыны белгілі. Жаңалықтың келуі кездейсоқтық және сыртқы ықпал арқылы енеді. Осы жаңалықтың енуі үш кезеңнен тұрады. Біріншісі, таңдау, яғни сырттан келген мәдени құбылыс толық енбей, сұрыпталады, екіншісі,  сұрыпталу кезеңі, үшіншісі, сырттан келген мәдени құбылыстың ерекшелігі байқалмай халықтың дәстүрлі мәдениетімен үндеседі.

Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген сөзін кеңестік қоғам қабылдады, нарықтық кезең сұрыптаудан өткізіп барып, керісінше қабылдады. Яғни ол бүгінгі күннің жаңалығына айналды. Абай өз ұлты үшін қайырсыз нәрселерді атап олардан қашу керектігін «Бес нәрседен қашық бол» егер «Адам болам десеңіз» деп инновацияның біріншісінде айтылғандай таңдау барысында-ақ қашу керектігін айтқан болатын. Қазақ әдебиетінің тілі Абайдан басталды. «Абай – жазба әдебиетіміздің атасы» (Қ.Жұбанов) десек, жазба әдеби тіліміздің негізін қалаған да Абай екендігі дау тудырмаса керек. Абайға дейін де, Абай заманында да ақындар болды, бірақ олар ауыз әдебиетінің көлеңкесінде жүргендігін өздері де байқамаған-ды. 1888 жылы жазған «Біреудің кісісі өлсе, қаралы - ол» атты өлеңінде:

Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі жамау, бірі құрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрініп тұр-ау, – деп, әдеби тіл қалыбына салған Абай, басы артық сөздер мен сөз тіркестерінің бұзылуын алдыңғы ақындардың кінәсі емес, қайта мен де ортақпын деген Абай өзінің тақыр жерден шықпағанын ескертіп кетеді.   

Адамның назары түсетін танымның негізгі үш бағыты: ішкі әлем, табиғат әлемі, әлеумет әлемі, оны тануды Абай 7-қара сөзінде «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген ұмтылыс жан құмары деп бағалайды. Қазақтың ежелден қалыптасып ел арасында айтылып келген мақалдарына сын көзімен қарап, өзінің ақыл елегінен өткізіп барып: «Сұрауын тапса адам баласының бермейтіні жоқ», «Алтын көрсе, періште жолдан шығады», «Жарлы болсаң, арлы болма»  - деп, 29-қара сөзінде сын тезіне салып, талдау жүргізеді де қоғам өзгерісіне сай жаңаша сипат береді.

Ол – ақын, ол – ойшыл, ол – халқының қамқоршысы, өркениетке шақырушы. Абай бүкіл білім беру жүйесін жаңа арнаға бұру керек екенініне зор мән берді. Қазіргі дәуір білім беріп қана қоймай, әрбір білім алушы өзін-өзі дамыту жолында жаңаша ақпараттық жағынан ақыл-ойы дамыған жандарды қалыптастыру. Абай әлеуметтік-қоғамға әкелген аса зор жаңа сапалы қоғамдағы экономиялық қатынастарды жан-жақты қарастырды. Саясат, экономика жағынан Еуропа мәдениетін өз еліне тарату жолында көп еңбектенгені, оны Абай өзі қабылдап алып, қазақ даласына жаюы тарихи маңызы зор жаңалық еді.

Ұлы ақын 1891 жылы жазылған жұмбақ өлеңінде халқына аз болса да жаңалықпен таныстыру мақсатында жаңа дәуірдің жаңалығы, болашақтың ең қажетті бұйымы темірді (алтын-күміс) жұмбақ етіп беріп отыр:

Қара жер адамзатқа болған мекен,

Қазына іші толған әртүрлі кен.

Ішінде жүз мың түрлі асылы бар,

Солардың ең артығы немене екен? 

Абайдың халқымызға сіңірген зор еңбегі даламызға қайта өрлеу дәуірін, жарқын рухын алып келгенінде.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы деп әділетті, – деген өлең жолдарында «Адамзаттың бәрін сүй» деп айта салуы да мүмкін еді, бірақ «бауырым» деп көрегендікпен іш тарта айтқаны әлемді таң қалдырды. Бұл ойды Шығыс пен Батыстың зиялылары да айтқан жоқ. Абайдың бұл сөзін Дүниежүзілік Біріккен Ұлттар Ұйымының маңдайшасына тұмар қылып іліп қойса болатындай. Абайдың бұл сөзі адамзат жер бетінде тұрғанда мәңгі көнермес жаңалығы болып тұра берері хақ.  

Сейдалы Оразалиев, 

Абайтанушы, филология ғылымдарының кандидаты

«Чимкент» қалай «Шымкент» болып өзгерді?
Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Көкенованың сүрінуін көксеп жүргендер кімдер?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу