«Чимкент» қалай «Шымкент» болып өзгерді?
1987 жылға дейін елімізде қазақ тілінің мәселесі тек жақсы жақтарынан ғана айтылып, оның мүшкіл жағдайы мен өткір қырлары жұрт назарынан бүркемелініп, айтылмай келді. Кеңестік заманда ұлт тілдері мен ұлттық салт-дәстүрлерге, мәдениетке тиісті көңіл бөлінбеді. Ол кезде Одақтас республикаларда, соның ішінде Қазақстанда да орыс тілін білмейтін мықты маман (данышпан болса да), қаншалықты білімді болса да, басшылыққа тағайындала алмайтын. Бұл - аксиома, жазылмаған заң еді. 1986 жылы 16 желтоқсанда Алматыда алаңға шыққан қазақ жастары ана тіліміздің мәселесін де көтерген белгілі. 1988-89 жылдары ғалымдар мен ақын-жазушыларымыз, журналистер мен түрлі мамандық иелері ұлттық тіл мен ұлттық мәдениет мәселесін көтеріп бірнеше мақалалар жазып, теле-радиолардан сөз сөйлеп, халықтың сана-сезімін оята бастады. Оның соңы 1989 жылы тілдік, елдік мәселелерді ту еткен «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына алып келді. Одан бері арада 23 жыл өтіпті.
Қазақтың ұлтжанды біртуар азаматтары кеңестік заманнан бастап және сол кезеңде де ана тілі – халықтың баяғысы мен бүгінгісін, болашағын танытатын мәңгілік мәселе екенін жеріне жеткізе айтқан еді. Ахмет Байтұрсынов пен Бауыржан Момышұлы, Ғабит Мүсірепов пен Әбдуәли Қайдаров, тағы басқа да қайраткерлеріміз тіл туралы өткір ойларын мемлекет басшыларына бүкпесіз, батыл түрде айтып жеткізген. Ал академик Әбдуәли Туғанбайұлы мұны айтып қана қоймай, 1989 жылы «Ана тілі» қоғамын құруды қолға алды. Ол кездегі Ә.Қайдаров пен Ө.Айтбайұлы бастаған ынталы топтың көздеген мақсаты – елдің санасын ояту еді. Өйткені кез-келген амал, іс-әрекет санадан бастау алады. Адамдар санасында орныққан ұстанымдар мен құндылықтарға қарап бағдар алып, таңдау жасайды. Біздің күнделікті өміріміздегі толып жатқан әрекеттердің барлығы да сананың жемісі. Демек, сана адам қызметінің мәні мен маңызын, сипаты мен бағытын анықтайды. Адамның санасы қандай болса, оның әрекеті де сондай болады. Ал сананы кім қалыптастырады? Сананы мемлекеттік жүйе, қоғамдық қарым-қатынастар, бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдени өнімдер мен елімізде күнделікті өтіп жатқан іс-шаралар қалыптастырады. Санада орныққан құндылықтар мен ұстанымдар адамның таңдауын және іс-әрекетін белгілейді. Ал, сананы өзгерту қиынның қиыны.
Оңтүстік Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағасы Керімбек Сыздықов (марқұм) болды. Шымкент қалалық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағасы Нәбира Жүзбаева, одан кейін қоғамға Жолдасбек Күздеубаев, Ғани Итемгенов (марқұм), Әділхан Сұлтанбеков төрағалық қызмет атқарды. Облыстан кейін іле-шала аудандар мен қалаларда да «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, жұмыс істей бастады. Кентау қалалық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағасы Мерген Құрышбаев (марқұм), Шымкент қаласының Абай аудандық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағасы Нұрлан Әуесбаев, Дзержинский аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Өсербай Сүйіндіков (марқұм), Еңбекші аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Қалмахан Ілясов, Ленгір аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Әсет Кембаев, Түркістан қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Елтай Бимаханбетов болды. 1990 жылы облыстағы ірі кәсіпорын, мекеме, ұйымдарда «Қазақ тілі» қоғамының бастауыш ұйымдары құрылды.
Мен сол бір сынға толы жылдарда Шымкент қаласындағы «Электроаппарат» зауытында 40-тай ғана қазақ жұмыс істейтін жерде «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оған өзге ұлт өкілдерін тартып, 300-дей адамнан құралған бастауыш ұйымның төрағасы болып сайландым. Кәсіпорын, мекеме, ұйымдарда қызмет істеп жүрген қаншама ұлтжанды асыл азаматтар Әбдіғаппар, Қалмахан, Сырым, Сержан, Атахан, Әбдіслан, Нұрлан, Бибайша, Ұлдар, Серіпхан сияқты ұлтжанашырлары «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі болып, оған қолда бар барлық мүмкіндігімен көмектесіп, адамның жаны сүйсінетіндей, ұлттың рухын тірілтетіндей, талай тарихи істерді атқарды. Оларды түгел атап өту мүмкін болмаса да, есімде қалғандарын айтсам, олар: Қуаныш Төлеметов (марқұм), Нәмет Сүлейменов (марқұм), Райымбек Әбсейітов (марқұм), Икрам Жолаев (марқұм), Үсен Қарасаев (марқұм), дәрігер Әбдіслан Шадиев (марқұм), Ұлдар дейтін азаматтың тегі есімде қалмапты (марқұм), Даниярхан Ілясов, Шаруа Пірмат, Қалиолла Маджанов, Лесбек Байжанов, Кентауда зейнеткер Қасымбек Дәрібаев, Төрехан Жөреханов, Құлтай Әміреев, Нұрмахан Жақаев, Ермахан Өмірзақов, Асан Байсымақ, Махамбет Нұрлыбаев, Ысқақ Жұмашев, Жәнәлі Дәрібаев, Құттыгүл Айтжанова, Бауыржан Ақылбеков, Әбу Қырқымбаев, Бекжігіт Сердәлі, Базарбай Оспанов, Жұпар Бекшораева, Құрбанкүл Қойшыбаева еді. Бұлардың барлығы да «Қазақ тілінің» қайраткерлері деуге тұрарлық азаматтар!
1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанымен, ол кезде мемлекеттік тілдің жағдайы айрықша алаңдаушылық туғызып отырған өткір проблема, әсіресе іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесі ерекше дабыл қағарлық жағдайда еді. 100 пайыз қазақ қоныстанған ауылдың өзінде де іс-қағаз жүргізу тек орыс тілінде болатын. Сондықтан да, шалғайдағы Шардара, Келес және қазағы қалың Созақ, Сарыағаш, Алғабас аудандарында да «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. 1990 жылы жергілікті «Қазақ тілі» қоғамдарының ұсыныстарымен көптеген ұлттық мәселелер шешімін таба бастады. Соның ішінде жер-су, елді мекен, мектеп, көше аттарын қазақшалауға үлкен үлес қосты. Әйгілі саясаткер Уинстон Черчилльдің: «Саясаттың да серті болады. Оның біріншісі – кешікпеу. Ұлттық мүдде ұтатын жерде ешуақытта кешікпеу керек. Шешімді тез қабылдаған жөн... Екіншісі – асықпау. Ұлттық мүддеге нұқсан келетін, я болмаса аяқасты етілетін жағдайда шешім қабылдауға ешуақытта асықпау керек», – деген сөзі қамшы болып, қаланың тарихи атауларын қайтаруға білек сыбана кірістік. Шымкенттің зиялы қауымы мен «Қазақ тілі» қоғамы Чимкентті – Шымкент деп, қалаға қарасты Дзержинский ауданын – Әл-Фараби ауданы, Рубинштейн көшесін – А.Байтұрсынұлы көшесі, 30 лет ВЛКСМ көшесін – Бекет батыр көшесі, 50 лет Октября көшесін – Қабанбай батыр көшесі, Манкент шоссесін – Жібек жолы тас жолы, Орджоникидзе даңғылын – Абай даңғылы, Коммунистік даңғылын – Тәуке хан даңғылы, Куйбышев алаңын – Ордабасы алаңы деп деп өзгерту туралы және одан үш жаққа тарайтын Комсомол, Совет, Базар көшелеріне – Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің есімдерін беру жөнінде мәселе көтерді. Шымкент қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы Қ.Төлеметов бұл ұсыныстарды қолдап қана қоймай, оның барлығын тиісті органдардың шешімімен тезірек заңдастыруға зор көмегін тигізді. 1990 жылы Шымкенттегі депутаттардың 80 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайтындықтан, мұндай ұсыныстардың оңайлықпен қабылданбайтына өзім талай рет куә болған едім.
Мен «Электроаппарат» зауытындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы және қалалық «Қазақ тілі» қоғамының бюро мүшесі ретінде қалалық сессияның жиындарына қатысып тұратынмын. Мысалы, Шымкент қалалық халық депутаттары Кеңесінің 1991 жылғы 22 қарашасындағы сессиясында Чимкентті – Шымкент деп өзгерту туралы ұсынысты талқылау 2-3 сағатқа созылып, Қ.Төлеметовтің абырой-беделі мен ақыл-парасаттылығы көтерілген көкейтесті мәселеге оң шешім қабылдануына көп көмектесті. Ендеше мұнан басқа да ел үшін тындырған есепсіз еңбегі жетіп артылатын марқұм Қуаныш Төлеметовті қаншалықты құрметке сай дәріптеп жүргеніміз әрине, өз алдына қозғалатын бөлек әңгіме. Шымкент атауының екі әрпін өзгерту үшін екі жыл арпалыстық. Оңтүстіктің зиялы қауымы тарапынан жүргізілген үлкен үгіт-насихат жұмыстың нәтижесінде және жоғары жақтың қолдауымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиуымының «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау және орыс тіліндегі транскрипциясын ретке келтіру туралы» 1992 жылғы 8 қыркүйектегі Қаулысымен Чимкент атауының транскрипциясы Шымкент болып және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президуымының 1992 жылғы 4 мамырдағы Қаулысымен Шымкент қаласындағы Дзержинский ауданы – Әл-Фараби ауданы болып өзгертілді.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
«Қазақ тілінің жанашыры» құрмет белгісінің иегері