Ұлы тұлғалардың оғаш әрекеттері
19-01-2023
«Бардың малын шашқызып, жоқтың артын ашқызып», одан кейін өмір тоқтайтындай өліспей-беріспейтін талай сайлауды өткізіп келе жатқан, қаншама жылдан бергі облыстық сайлау комиссиясының төрағасы һәм санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы Берік Торғауытов тышқан жылының «түлегі». «Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығына пара алу фактісі бойынша айып тағылып, қылмыстық іс қозғалыпты» деген гу-гу әңгіме күздің ортасында лезде тарап кетті. Алайда, Бекең түк болмағандай соңғы кезде бұрынғыша қызмет атқарып, маңызды-маңызды жиналыстарға қатысып жүр. Мәселенің мән-жайын басқадан емес, «кейіпкердің» өзінен сұраған едік.
- Бәрі жақсы, мазаланатындай ештеңе жоқ. Менен осы жайлы көп сұрап жатыр. Жұмыс істеп жатырмыз,-дейді ол.
- Сізге қатысты қылмыстық іс қалай жүріп жатыр?
-Айтып отырмын ғой бәрі дұрыс деп.
- Жаңа жылды қандай көңіл күймен қарсы алып жатырсыз?
- Енді, қызметімізге байланысты жұмыстың барлығын атқардым. Жұқпалы ауруларға байланысты эпидемиологиялық жағдайды қалыпты деңгейде ұстадық.
- Сізге қатысты қылмыстық істің қозғалуына сайлаудың кесірі тиді ме?
- Ол да мүмкін. Оны қалай жоққа шығарасың? Сайлау бойынша достар бар дейсіз бе?
"Рейтинг" газеті (2008 ж)