Түркістан облысындағы мәдениет саласының өкілдері сайлауға белсене атсалысуда
Бүгін, 20 қараша күні елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтіп жатыр. Бұған өңір тұрғындары белсене қатысып жатыр. Соның ішінде облыстың мәдениет майталмандары мен Облыстық мәдениет басқармасы басшысы Әзімхан Қойлыбаев бастаған осы саланың қызметкерлері де еліміздің жарқын болашағы үшін сайлауға келіп, өз таңдауын жасап жатыр.
Еліміздің даму бағытын айқындайтын маңызды саяси науқанда әрбір қазақстандықтың даусы маңызды! Осыны ескере отырып, облысқа қарасты барлық аудан-қалалар мен елдімекендердегі сайлау учаскесінде мәдениет үйлерінің өнерпаздары өнер көрсетіп, сайлауға келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.
Мәдениет саласы қоғамның әрбір саласымен тығыз байланысты екені белгілі. Осындай науқанда облыс өнерпаздарының атсалысу да заңды. Дана халқымыз: «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер айтпаған. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.
Сайлау кешке дейін жалғасатын болады. Әлі де келушілер қатары көп. Соңғы деректерге сүйенсек, Түркістан облысының тұрғындары Президент сайлауында белсенділік танытуда. Түскі сағат 16.00-ге дейін облыстағы сайлаушылардың 80,15 пайызы сайлау учаскелеріне барып, таңдау жасап үлгерген. Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәлімдеуінше, бұл әзірге республикадағы ең үздік көрсеткіш.
Тағы бір ерекшелігі, облыстағы дауыс беру процесі ерекше форматта өтіп жатыр. Атап айтар болсақ, кітап көрмесі мен қолөнер көрмесі ұйымдастырылып, өнерпаздар ән шырқауда. Дарынды жастардан құралған оркестр мен мың бұралған бишілер де өнер көрсетуде. Ал ақсақалдар қауы мен ақ жаулықты әжелер дауыс беру арқылы да өнеге көрсетіп, көш бастап тұр.