Келесте тұңғыш рет кітапханашылардың кәсіби мерекесі аталып өтті

Oinet.kz 02-11-2022 609

image.png

Кітапхана – ұлттың рухани азығы. Сәйкесінше, еліміздің ертеңі еңселі, келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болуы үшін, ең алдымен, жастарымыз білімді болуы шарт. Жасыратыны жоқ, бүгінгі дамыған замандағы жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана.

«Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды» деген  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев   Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында  кітапханаға айрықша көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. «Жақында әлеуметтік желіде еліміздегі кітапханалардың рөлі туралы қоғам назарын аудартқан пікірталас болды. Шындығына келгенде бұл мәселенің мән-жайы баршаға түсінікті болуға тиіс. Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар - білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені. Электронды форматтың қарқынды дамып жатқанына қарамастан дәстүрі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан мәнін жоғалтпайды», - деді Мемлекет басшысы. Сондықтан да Қазақстан Президенті жалпы кітапханалардың жүйесі мен жұмысын ұйымдастыруға жаңаша көзқараспен қарау қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ Президент  кітапханашылардың мәртебесі мен жалақысын көтеру керек деген тапсырма берген-ді. 

 Осы ретте ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 18 қазан №833 қаулысымен  кітапханалардың жұмысын жандандырып, сала маман­дарының беделін арттыру мақсатында "24 қазан- Кітапханашылар күні" болып қабылданды.  Бұл мерекені биыл еліміздің 19 мың кітапханашысы тұңғыш рет атап өтті.  Айтулы датаны келестік кітапханашылар да елеусіз қалдырмай, мерекелік кеш өткізді. Мерекелік шараға Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев арнайы қатысып, мәртебелі мамандық иелерін мерекемен құттықтады. 

- Қазақстан Республикасының Үкіметінің №833 қаулысына сәйкес алғашқы рет 24 қазан - «Кітапханашылар күні» кәсіби мереке болып күнтізбе тізіміне енді. Егемендігімізді еңселі, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолында мәдениет саласының орыны ерекше, маңызы зор. Ал, ел мәдениетінің бір саласы – кітапхана. Кітап – біздің рухани құндылығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітапханадан табамыз. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы–кітапханашылар. Мемлекетімізде кітапханашылар күні аталуының өзі - осы мамандық иелеріне деген сый - құрметтің нышаны болып отыр. Кітапхана жұмысының сан қилы әдістерін меңгеріп, кәсіби шеберліктеріңізді одан әрі шыңдап, білімді де білікті маман ретінде оқырман көңілінен шығып, олардың талаптарын қанағаттандыру бағытында еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін», - деген аудан басшысы бірқатар кітапханашыларды арнайы алғыс хатымен марапаттады. 

Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» – деуі осыдан. Әлбетте, кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымының құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу. Бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі.

Қазіргі қоғамды алаңдатып отырған мәселенің бірі – ғаламтордың кітапты алмастыра бастауы. Яғни әсіресе жастар қажетті ақпаратты кітаптан емес ғаламтордан алуы  - кітап, кітапхана ісін өлтірмей ме деген заңды сұрақ туындайды. Бұл мәселеге қатысты жақында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мынадай түсінік беріп өткен болатын.  «Менің ойым­ша, кітапхана ісінің қажеттілігіне және кітапхана ісінің күрделілігіне еш­кім күмән келтірмейді.  Дегенмен қо­ғам арасында «кітапханалардың ға­сы­ры аяқталды, олардың қызметі қағаз тасығыштар дәуіріндегі атавизм ретін­де ескіреді, интернет пен цифрлық трансформация арқасында қоғамдық кітапхананың орнын бір ғана смартфон баса алады» деген сынды теріс пікірлер бар. Мұндай пікірмен түбегейлі келіспеймін. Жалпы, технологияға көзсіз табыну мен цифрға деген соқыр сенім біздің ұрпақтың санасын құндылықтарға терең бойлауға мүмкіндік бермей, адас­тырады деп санаймын. Кітапхана – бұл білімге үңіліп, саналы түрде, жайлы ортада оқуға келетін ғибадатхана. Біз күнделікті күйбең тірлік қарбаластан арылып, руханият әлеміне енуге мүмкіндік туғызатын қастерлі орын. Сондықтан біз кітапхана ісін қолдайтын боламыз. Бұл біздің берік ұстанымымыз», деді министр.

Аудандық шарада кітапхана ісін жандандыру, кітапханашылардың мәртебесі секілді маңызды тақырыптар туралы да сөз қозғалды. 

Сондай-ақ мерекелік шара барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Арын Тотиков және «Аmanat» партиясының Келес аудандық филиалының атқаруашы хатшысы Ахмет Жұмабеков шыдамдылықты және білімділікті талап ететін мамандық иелеріне деген ыстық ықыластарын білдіріп өтті.  Осы мереке күнге орай жас ұрпақтың рухани дамуына үлес қосқаны үшін Түркістан облыстық  Ы. Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының директоры 

А. Құдайбергенованың атынан Келес аудандық балалар кітапханасының қызметкерлері Индира Сабыр, Гүлнар Аяпова, Сандуғаш Аманбаева, Бауыржан Кошкинов алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Келес ауданы бойынша 27 кітапхана бар. Бір аудандық, бір балалар кітапханасы, 25 ауылдық кітапхана, 58 кітапханашы оқырмандарға қызмет көрсетеді. Жалпы кітап қоры -265 813-ті құрайды. Оның ішінде аудандық орталық кітапханада 262 578 кітап қоры бар. Ондағы ұжым құнды кітаптарды сақтап ғана қоймай, оны насихаттап, көпшілікке қолжетімді болуы үшін азды-көпті жұмыстар атқаруда.

Мереке соңы Әшірәлі Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасымен жалғасып, кітапханашылар өздерін әмбебап-өнерлі,дарынды екендіктерін көрсетіп, флешмоб биімен көрермендерді таңқалдырды. 

Отырар ауданында жаңа мәдениет ошақтары бой көтереді
Түркістан облысындағы мәдениет саласының өкілдері сайлауға белсене атсалысуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу