Елдікті сақтап қалған қазақ батырлары
«Ұлы Дала Елі» орталығына қарасты Нұртас Оңдасынов музейінде Қазақ батыры - Қаракерей Қабанбайдың 330 жылдығына орай «Елдікті сақтап қалған қазақ батырлары» атты тақырыпта арнайы іс-шара өтіп, батырды еске алды.
Танымдық кештің мақсаты батыр тұлға – Қаракерей Қабанбайдың өмірі, саяси қызметі, ерлік істері туралы өскелең ұрпаққа мәлімет беру, оның ерлігі жайында кеңінен талқылау, қазақ тарихындағы батырдың алатын орнын түсіндіру.
«Қаракерей Қабанбай батыр есімі ғасырдан ғасырға жалғасатын, сондай-ақ қазақ тарихындағы айтулы да тұғырлы тұлғалардың бірі де бірегейі екені сөзсіз. Дарынды тұлға, күрескер, намысты да қайратты, халқының азаттығына сүбелі үлес қосқан батыр есімін ұлықтау бүгінгі патриотизмді насихаттауға, елдік, отаншылдық санамызды қалыптастыруға, өткен тарихымызға деген құрметімізді арттыруға септігін тигізетін өнегелі іс» - дейді ұйымдастырушылар.
Қаракерей Қабанбай қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресінің негізгі басшыларының бірі ретінде төл тарихымыздың асқақ тұлғаларының бірі. Ұлы қолбасшы Қабанбайдың азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл екені баршаға мәлім. Ол 1692 жылы туып, 1770 жылы дүние салған. Жеті жасында әкесі Қожағұл, он алты жасында ағасы Есенбай жоңғарлар қолынан қаза табады. Қожағұлдың Есенбай, Есенаман, Ерасыл деген үш ұлы болған. Он алты жасар бала 1708 жылы жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген жоңғар батырын (Оджа жырға ноян) өлтіріп, кегін қайтарған. Осыдан кейін Зайсандағы Керей ішіне барып, апайы мен жездесі Бердәулеттің қолында ер жетеді. Өзіне шапқан қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанатыны осы кез. Содан бастап қашан көзі жұмылғанша қылышын қынабына салмаған. Осы тұлғалардың өмірі мен қазақ халқының қамы үшін, жанқияр ерлік істері бүгінгі ұрпақ, біздер үшін қайталанбас тәлімдік тәрбие, халқымыздың бай мұрасы.
Кеш барысында Ж.Еділбаев мектебінің өнерлі оқушылары Қаракерей Қабанбай жайлы өлеңдер оқып, тарихи көріністер сахналады. Әуелеген ән мен күмбірлеген күй кештің сәнін аша түсті. Алдағы уақытта да музей ұжымы осындай мазмұнды шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Қазақтың қаһарман қолбасшысы Қаракерей Қабанбайдың халық үшін ханнан да артық қадірі болған. Атамекенді жат қолынан тазарту үшін аттан түспеген баһадүр баба қашанда құрметке лайық.