Ақпарат және қоғамдық даму министрі Түркістан жұртымен жүздесті
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі облыс орталығындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінің мәжіліс залында Түркістан жұртымен жүздесті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов модераторлық етті.
Келелі басқосуға зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, облыс ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мүшелері, аудандық және қалалық кеңестің төрағалары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен жастар қатысты.
Кездесуде алғаш болып сөз алған Дархан Қуандықұлы министрліктің атқарған жұмыстары мен жоспарлары жайлы баяндады.
- Бақ қарап, Қыдыр дарыған түгел түркінің төрі атанған киелі Түркістан жұртымен қауышқаныма қуаныштымын. Қастерлі Түркістан жаңарып, түрленіп келеді. Менің алғашқы еңбек жолым осы Түркістанда басталған. Қасиетті шаһар тек облыс орталығы емес, түркі жұрты үшін ортақ қала ретінде құнды. Біздің министрлік бірнеше саланы қамтиды. Атап айтқанда, қоғамдық даму, азаматтық қоғамды ілгерілету, этносаралық қатынастарды реттеу, дін мен жастар мәселесі, отбасы және ақпарат саласы. Мемлекет басшысының айтқан ашық әділетті қоғам қалыптастыру бастамасы – осы азаматтық қоғамды құрумен тікелей байланысты, - деді министр.
Дархан Қуандықұлы министрлік тарапынан азаматтық қоғамды дамытуға басымдық беріліп, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі арта түсетіндігін жеткізді. Мәселен биыл 1800-ге жуық әлеуметтік жоба қолдау тапқан. Мұнан бөлек, жастардың жайы да назардан тыс қалмайтындығын айтты.
- Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жандануда. Діни бірлестіктердің саны да артып, этносаралық бірлік нығайып келеді. Бірлік пен бейбітшілік – біздің елдің басты байлығы. Жастарды жұмыспен қамтып, жастар санатын 29 жастан 35 жасқа көтеру бойынша заңға өзгерістер ену үстінде. Отбасы құндылығын арттыруға арналған «Мерейлі отбасы» сынды жобалар жалғаса бермек. Сонымен қатар, БАҚ саласында да біршама реформалар жасалады. Атап айтқанда, жақын болашақта журналистердің мәртебесі, БАҚ-ты қолдау, ақпараттың қолжетімділігі бойынша оң өзгерістер болады, - деді министр.
Сұрақ-жауапқа ұласқан жиында басқосуға келген жұрт ұсыныстары мен сауалдарын жолдады. Телеарналарда тағылымды, тәрбиелік мәні бар сериалдар мен телехабарларды көбейту, азаматтарды патриоттыққа жетелейтін жобаларды жүйелеу, дәстүрлі дінді ұстану, ұлттық тәрбиеге негізделген бастамаларды қолдау сынды ұсыныстар айтылды.
Жиын соңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі барша жиналған жұртқа алғысын білдіріп, еңбектеріне береке тіледі.
Сондай-ақ жиыннан соң министр азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл ретте, барлық ұсыныстар назарға алынып, тиісінше жұмыстар атқарылатындығын айтты.
Жастар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға ұсыныстарын жеткізді
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің 150-ден астам белсенді жастарымен кездесті. Еркін форматта пікірлесті. Олардың ойын тыңдап, ұсыныстарын тыңдады. Ақыл-кеңес берді. Жастарға сенім артатынын айтқан облыс әкімі игі істердің басында жүрген ұл-қыздарға алғыс білдірді.
Өңірдегі жастар саясатына үлес қосуға шақырды.
- Бүгінгі кездесуде өзекті мәселелер мен тың идеяларыңызды ортаға салуға шақырамын. Жастар арасындағы проблеманы сіздерден артық ешкім білмейді. Мәселелер айтылып, шешу жолдарын талқылайық. Қоғамның қозғаушы күші – жастар. Сіздер болашақтың жас құрылысшысы екендеріңізді еш уақытта естен шығармауларыңыз керек. Барымызды бағалайық. Білім алыңыздар, еңбек етіңіздер, аға буынның ақылына құлақ асыңыздар, үздіксіз ізденісте болыңыздар. Жеке кәсіп ашуға құмар жастар қатары артып келеді. Жалынды жас үшін асу асып, өткелдерден өту қиын емес. Ең бастысы, биік мақсат, мәртебелі мүдде болу керек,- деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Еркін форматта өткен кездесу екі сағатқа созылды. Көп мәселенің күрмеуі шешілді. Жастар өңір басшысына түрлі сұрақтар қойып, пікірлерін білдірді. Жұмыспен қамту, қолжетімді баспана мәселесін көтерді. Білімді жетілдіру, жас кәсіпкерлерді қолдау, қоршаған ортаны қорғау жайлы айтылды. Облыс әкімі жастармен жиі жүздесуге дайын екендігін айтып, көтерілген тақырыптар аясында жұмыс істелетіндігін жеткізді. Мұндай кездесулер жалғасын табады.
Түркістан қаласында облыстық жастар ресурстық орталығының ғимараты орналасқан. Орталықты аралап көрген облыс әкімі Дархан Сатыбалды 17 аудан, қала бойынша Жастар ресурстық орталығы басшыларымен танысты. Облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ерасыл Төлебаев атқарылған жұмыстардың есебін берді.
Түркістан өңірінде 470 мыңнан аса жас бар. Бұл - республика жастарының 13%-ы. Облыс халқының төрттен бірін құрайтын жастардың 80%-дан астамы ауылда тұрады. Олардың арасында еріктілер де баршылық. Қоғамдық жұмыстарға араласып, түрлі бағытта, түрлі жағдайларда халыққа қызмет көрсетуде.
Кездесу соңында облыс әкімі белсенді жастармен бірге ағаш отырғызды.