Ауылдың мерейтойы – елдің мерейі

Oinet.kz 25-11-2022 641

Созақ ауданының кіреберіс қақпасы іспетті, Жартытөбе ауылдық округіне қарасты Аққолтық елді мекенінің 70 жылдық мерейтойы өтіп, ән думанға оранды. Мерекелік жиынға арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков алдымен осы ауылдағы жасы жүзге толған Шойтанова Сәндікүл апаның шаңырағында болып, ауылдың айтулы 70 жылдық мерекесімен құттықтады. Аудан әкімі алғыс хат пен сый-сыяпат табыстап, әжейдің ақ батасын алды.

 Screenshot_31.jpg

- Ел іші даусыз болсын, елде тек береке-бірлік, татулық болсын, - деп аудан басшысына өз алғысын білдірді.

Аққолтық ауылының орталығында ауылдың апталды азаматтарының бастамасымен қайта қалпына келтірілген «Жастар» саябағының лентасы қиылып, шырша көшеттері отырғызылды. Республика күні мерейлі мерекесі қарсаңында ҚР Мемлекеттік Туы көтеріліп, Әнұраны орындалды. Мерекелік шарада аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков, ауыл тұрғындары мен қонақтарын құттықтады. 

- Қазіргі таңда Жартытөбе ауылдық округіне қарасты, қазыналы Қаратаудың етегінде орналасқан, өзіндік қалыптасқан тарихы бар Аққолтық ауылы биыл 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Жартытөбе ауылдық округіне қарасты бұл ауылда бүгінде 170-ке жуық отбасы, 1240 тұрғыны бар. Бүгінде Тәуелсіздік таңында жайнап жасарған ауылда, жаңа әлеуметтік нысандар мен тақтайдай тегіс жолдар салынып, заман талабына сай дамып келеді. Ауыл азаматтарының бастамасымен биылғы жылы осы «Жастар» саябағының жобасы қолға алынып, абаттандырылды. Ауыл азаматтарының елге деген қамқорлығы бұнымен шектелген емес, осыдан бірнеше жыл бұрын елді мекенге кіре берісте жеміс көшеттерін отырғызып, ауыл әкімшілігі арқылы үлкен бауға айналдырылды. Елді мекенде 9 көше болса, оның 3 еуі асфальттенген. Қалған 6,3 км қиыршық жол 2023 жылы асфальттауға ұсынылды. Елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілген, 2016 жылы ескі мектеп жаңартылып, 200 орындық 1 орта мектеп пайдалаунға берілген, 1 жеке меншік бала бақша сондай-ақ осы жылы желтоқсан айында ауылдық клуб пайдалануға берілетін болады. Қ.Әлібиев, Қ.Кемелұлы, Қ.Арқабаев көшелері көше жарығымен жарықтандырылған. Бүгінгі «Жастар саябағы» аталып отырған орынға аудандық бюджет есебінен 2019 жылы кіші футбол алаңы салынса, 2021 жылы «Қаз атом өнеркәсіп» АҚ-ның демеушілігімен балалар ойын алаңшасы салынды.

Аққолтық ауылының өсіп, даму жолында ауданның атпал азаматтары көп еңбек сіңірді. 

Ферма басқарушылары болып Оқшиев Шайық, Асылбеков Әбибулла, Әлмаханов Кеңес, Әлиев Рахман, Орынбасаров Тілеу, т.б. азаматтар еңбек етті. 

Ауылдық кеңесте, ауыл әкімшілігінде Көкенов Сейділда, Дәулетбаев Омарбек, Адырбеков Айнабек, Алшынбеков Мұрат, Еденбаев Беркінбай, Асылбеков Жақсылық т.б. кісілер жемісті қызмет атқарды. 

Ауылдан Ұлы Отан соғысына қатысқан 88 майдангердің есімі тасқа қашалып жазулы тұр.

Әдебиет саласы бойынша: Жамбылдың пірі атанған атақты ақын Құлыншақ Кемелұлы, Қазақтың 100 би – шешенінің бірі Шойынбет би, Қазақстанның Халық жазушысы Сәуірбек Бақбергенов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Мыңжасар Асқаров, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Тұмартай Дінтайұлы. 

Ғылым саласы бойынша Зарафия Қоңырқұлжаев – Қазақстанда микробиологияның негізін салушы, Оспан Мыңбаев – медицина ғылымдарының докторы, академик, Жабал Шойынбет – фиология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, Рысбай Есенсариев – техника ғылымдарының кандидаты, Бекнияз Бихондиев – экономика ғылымдарының кандидаты, Айдос Мақұлбеков – өнертану ғылымдарының докторанты, Айхожаева Мейірбану - медицина ғылымының докторы.

Өнер саласы бойынша Аманжол Найманбаев – профессор, өнер қайраткері, Қалижан Білдашев – айтыскер ақын. 

Спорт саласы бойынша Оралбай Дәуленбаев – спорт ардагері, Таужан Батыров– спорт ардагері, Өмірзақ Дүржанов– спорт ардагері, Қашқынбай Кенжеханов– спорт ардагері, Асылхан Құлмаханов– спорт ардагері, Сәбит Ерманов– Қазақстан Республикасының спорт қайраткері, Біржан Жақыпов – бокстан әлем чемпионы, Таңат Нөсербаев – футболдан Қазақстан чемпионы сынды көптеген азаматтарымыз ауданымыздың даму жолында көптеген қызметтер атқарды. Алдағы уақытта да ширек ғасырдан астам тарихы бар Аққолтық ауылы, ауданның дамуына үлкен үлес қоса береді, -деді аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков. 

Аудандық мәслихаттың депутаты Нұржамал Майусова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабыл Еспенбетов, Еуропа елдерінде дәріс берген, медицина саласының қызметкері, академик, прафессор Оспан Мыңбаев та ауыл тұрғындарына деген ыстық ықыласын білдірді. Ауылдың дамуына еңбек сіңірген ардагерлер мен азаматтарға аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың алғыс хаты, «100 жаңа есім» кітабы мен сый-сыяпаттар табысталды. Мәдениет қайраткері, ақын, ауданның құрметті азаматы Мыңжасар Асқарұлы және қадау-қадау жырлары мен елді сусындатқан Аққолтық ауылының тумасы Қалижан Білдаш ауылға деген арнауын тарту етті. Сонымен қатар, Республикаға белгілі «Шаншар» театрының директоры Уәлибек Әбдраймов пен актер, Жүсіп Ақшора өз құттықтауларын көрініс арқылы жеткізсе эстрада жұлдызы Заттыбек Көпбосынұлы әсем әнін тарту етіп, тұрғындарға көтеріңкі көніл-күй сыйлады. 

Салтанатты шарада әр ауылдан күші мен әдіс-амалы айрықша, есімдері елге етене таныс қазақ палуандары жиналып, бірнеше салмақ дәрежесі бойынша қазақ күресінен түйе палуан, қошқар, гір тасын көтеру, қол күрес, арқан тартыс секілді спорт түрлерінен күш сынасты. 

Қазақша күрестен түйе палуандық жарыста:

-Дәулет Досыбаев І орын, Әділқазы Ерболұлы ІІ орын, Аслан Жақаев ІІІ орынды иеленді. 

80 кг ға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша: 

- Дархан Әбдірахман І орын, Жеңіс Сәдуақас ІІ орын, Дәмен Дәурен ІІІ орынға табан тіреді.

Гір тасын көтеруден:

-Қобланды Орынбасаров І орын, Баби Орынбасар ІІ орын, Ахмет Ерболат ІІІ орынды иеленді.

Қол күрестен +70 кг салмақ дәрежесі бойынша:

-Қалдарбек Нұрхат І орын, Жандос Қайназаров ІІ орын, Аблазиев Елмұрат ІІІ орын иеленсе 70 кг ға дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Сапаров Нұрсұлтан І орын, Жолдас Бейбарыс ІІ орын, Бүркіт Есімхан ІІІ орынға тұрақтады.

Арқан тартыс қортындысы бойынша:

-«Шолаққорған» командасы І орын, «Бауырлар» командасы ІІ орын, «Жартытөбе» командасы ІІІ орын иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлделі орын иелері қомақты сыйлықтармен марапатталды.

Аққолтық елді мекенінің 70 жылдық мерейтойы аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің көркем өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламамен ұласты.

Қоқыс қайта өңделетін болды
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Түркістан жұртымен жүздесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу