Қазақстан құрамасы – «Turan Barysy» кубогының жеңімпазы!
Бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет қазақ күресінен «Turan Barysy» Азия Кубогы өтті. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысып, өзара мықтыларын анықтады.
Дүбірлі сында балуандар екі топқа бөлініп, айналмалы жүйеде күресті. Екі топтан іріктелген Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан құрама командалары жүлделі орындарға таласты. Дүбірлі доданың салтанатты ашылуында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды балуандарға сәттілік тіледі.
Жартылай финалда Әзірбайжан елінің балуандарын қапы қалдырған қырғыз өрендері қола жүлдені иеленді. Ал тартысқа толы күрес бәсекесінің ақтық айқасы Қазақстан құрамасымен Өзбекстан елінің балуандары арасында өтті. Айтулы доданың ақтық бәсекесінде 4:3 есебімен Қазақстан балуандары жеңіске жетіп, Turan Barysy» додасының жеңімпазы атанды.
Алғаш рет ұйымдастырылған күрес сайысында бірінші орын алған команда 10 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, екінші орынға — 6 миллион, үшінші орынға — 4 миллион қаржылай сыйлық және тайқазан кубогы табысталды.
Естеріңізге саламыз, іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, «Qazaq kuresi» ассоциациясы, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтті. Турнирдің бас серіктестері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ және «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры».