Бәйдібекте «Ұлттық домбыра күні» аталып өтті
Домбыра - қазақтың байлығы. Руханиятының негізі. Өскелең ұрпаққа домбыраны насихаттаған аса маңызды. Себебі Ұлы ақын Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп айтып кеткен. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында ұлттық құндылықтарды арттан ерген іні-қарындастардың бойына сіңіру керектігін жазған. Осы арқылы елін сүйетін патриот жастарды тәрбиелеп шығаруға болады.
Осы орайда бүгін Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында «Ұлттық домбыра күні» аталып өтті.
«Ұлттық домбыра күні» мерекелік іс–шарасы «Ардагерлер» аллеясының алдынан бастау алып, салт аттың соңынан аудан өнерпаздары домбырамен сүйемелдеп ән шырқап, «Жастар» аллеясының алдына дейін аудан домбырашылар шеруімен жүріп өтті.
Жастар аллеясы алдында О.Тайманов атындағы өнер мектебінің оркестрі күймен қарсы алады.
«Ұлттық домбыра күні» іс-шарасын аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев ашып құттықтап, ауданымыздың мәдениетін дамытуға және домбыраны насихаттауға сіңірген белсенді еңбегі үшін шертпе күйдің шебері, ардагер күйші Таласбай Сейтқазиев пен Орынбай Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің мұғалімі Қорлан Аймахановаға аудан әкімінің алғыс хатын табыс етті.
Іс-шарада Қазақстанның Құрметті журналисі, ауданның «Құрметті азаматы», «Зейнеткер тынысы» газетінің редакторы Серікбай Дәулетбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, өзінің мерекелік жылы лебізін білдірді.
Мерекелік шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Орынбай Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің мұғалімдері мен оқушылар домбырамен күйлер орындап, әннен шашу шашты.