Түркістан облысында тұрғын үй ауласынан X-XI ғасырға тән ескерткіш табылды

Oinet.kz 30-06-2021 614

Кең-байтақ Қазақ даласын мекендеген ежелгі тайпаларды зерттеу - бүгінгі мақсат. Қазақ жерін мекендеген тайпаларды зерттеу арқылы олардың мәдениетін біліп, көптеген тың жаңалықтарды ашуға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында ұлт тарихын қастерлеп, оны бүгінгі ұрпаққа кеінен насихаттау керектігін айтқан болатын. 

Screenshot_12.jpg

Осы орайда Түркістан облысында археологиялық зерттеулер жүргізілуде. Жақында Түлкібас ауданы, Абай ауылындағы жекеменшік тұрғын үй ауласынан ортағасырлық құлпытас пен әулиелерге тән ескерткіш орны анықталды. Өзіндік тарихын ішіне бүгіп, белгілі бір тұлғаның өмірінен хабар беретін құлпытас сан ғасырлар бойы жер астында сақталып келген. 

Осыған байланысты араб, парсы,  көне түркі тілдерінің маманы, белгілі ғалым Зәріпбай Оразбайұлы бастаған ғалымдар құлпытас бетіндегі мәтінге тілдік зерттеу жүргізіп, араб әріптерімен куфи үлгісінде: «Бұл қабір Мұхаммед Нұран Баб деген жазу барын анықтады.

Құлпытастар әдетте зират басына қойылатыны белгілі. Осыған орай, Халықаралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Ғалымдар ескерткішті осы аймақтың байырғы атауына байланысты «Әлдибастау әулиесі» деп атаған.

Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде осы жерден ұзындығы – 4 м, ені – 1,65 м, қабырғасының биіктігі – шамамен 2 метрге жуық құрылыс болғаны белгілі болады. Ескерткіштің қабырғаларын жақын маңдағы Көкбұлақ өзенінің жұмыр тастарымен қиюын келістіріп, арасын саз балшықпен бекітіп қалаған. 

Қазба жұмыстары барысында аталған аймақтан бұлақ көзі шығып, судың көтерілуі ары қарай зерттеуге кедергі болған. Әйтсе де жер астынан аршылған түрлі жәдігерлер мен құрылыс нысандарының іргетасы көптеген тың мәліметтерге жол ашты. 

Аталған ескерткішті қазу барысында ғалымдар көне төс пен шала қорытылған темірдің бірнеше бөліктерін тапқан. Нұран бабаның болаттан құйып жасаған төсі өте берік әрі салмақты екен. Ең қызығы мұндай байырғы төс Қазақстанда алғаш рет табылып отыр дейді ғалымдар. Төстің бетіндегі айқыш-ұйқыш балға іздерінен ұстаның ұзақ жылдар бойы пайдаланғанын бірден байқауға болады. Әсіресе қандай бір заттарды тескенде ұрылған, тесілген іздері төс бетінде анық сақталған.

Көнекөз қариялар қадір тұтып қастерлеген, бүгінгі ауылдастары да көздің қарашығындай қорғап отырған төбені көрген тарихшы-ғалымдар үйіндіні белгілі бір діни ғимараттың орны болған деп тұжырымдауда.

Түркиялық журнал толық санын Түркістан қаласына арнады
Шардаралықтар Маңғыстауға 1000 бума шөп жіберді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу