Жаңа Дендросаябақ Түркістан шаһарының көркін аша түспек
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған ғылыми конференцияда: «Түркістанды облыс орталығы жасаймыз. Бұл той – Түркістанды орталыққа айналдырудың басы», - деп айтқан болатын. Бүгінде Елбасының бұл сөзі шындыққа айналып отыр.
Осы негізде, Түркістан шаһарын дамытып, ажарын одан әрі гүлдендіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Соның бірі, Түркістан қаласындағы Әкімшілік-іскерлік орталықта Қалалық саябақтың (ДендроПарк) құрылыс жұмыстарының жүргізілуі.
Өткен жылдың наурыз айында құрылыс жұмыстарын бастаған нысан жақын уақытта пайдалануға берілмек. Қалалық саябақтың жалпы ауданы – 27,8 га құрайды.
Саябақ аумағын көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүруде. Оның ішіне 12 000 дана түрлі ағаш, 2360 ш.м. аумағына гүлдер, 20 476 ш.м. аумағына көгалдандыру жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда, 12 000 түп ағаш отырғызылған, аяқ жол тақтайшалары және асфальт жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған.
Қала тұрғындарының қыдырып, серуендеуіне де ыңғайлы жағдай жасалған. Тіпті, велосипедпен де серуендеуге арналған таптырмас орынға айналмақ. Жарықшамдар мен газон және суару жүйесі толықтай жүргізілген. Жалпы алғанда нысанның 98 пайызға жұмысы аяқталған. Саябақтың құрылысы мен күтіп ұстау жұмыстары үшін 150-ден астам қызметкер жұмыс атқаруда.