Қазақ елінің рухани жүрегі аталған Түркістан облысына 3 жыл
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев киелі Түркістанға бір кезде: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі» - деп биік баға берген болатын.
Міне, Елбасы осылай баға берген Рухани шаһардың облыс мәртебесін алғанына биыл 3 жыл толып отыр. Бүгінде көркіне көз тоятын Түркістан облысының құрылуына 3 жыл толуына орай «Конгресс-Холл» концерт залында «Жаңарған Түркістан» атты салтанатты шара болып өтті. Мерекелік кешке қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аталмыш мерекемен барша қазақстандықтарды құттықтады.
- Сіздерді Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толуымен құттықтаймын. Түркістан – күллі Алаштың текті төрі, қазақтың шежірелі шаһары және түркітілдес халықтардың рухани астанасы. Сондықтан бұл мереке – барша қазаққа ортақ. Осыдан тура үш жыл бұрын еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін иемденіп, дамудың жаңа сатысына көшті. Міне, осы 3 жылдың ішінде өңірде ауқымды жұмыстар атқарылды. Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, өңірді дамытудың екінші кезеңі басталды. 5 жылға Кешенді жоспар құрылып, атқарылар істер айқындалды. Қазақстанымыз бен Түркістанымыз мәңгі жасай берсін! - деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі шаһардың дамуы мен қалыптасуына сүбелі үлес қосып, еңбегі сіңген азаматтарды марапаттап, алғысын білдірді.
Аталмыш кешке отандық эстрада әншісі Мәдина Сәдуақасова, Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының солисті – Азамат Жылтыргозов қатысты. Сондай-ақ, концерт барысында елордадан келген «NOMAD» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Мәңгілік ел» әні орындалды. Ал, кеш қонағы ретінде арнайы Беларусиядан Отандық және шет елдік телеарналарда тікелей эфирден көрсетілген байқауға 14 мемлекеттен қатысушысы, халықаралық «Voice of Turan», қазақ әндері ән байқауының лауреаты жас әнші Дарья Хмельницкая келіп, С.Байтерековтың «Әлия» әнін шырқады.