Шардаралық қарияларға құрмет көрсетілді
"Жас жүрген жер - мереке, қарт жүрген жер - береке" демекші, берекенің бастауындай болған қарияларды сыйлау - басты назарда болғаны абзал. Қария кісінің батасын алған ел өсіп-өнеді. Себебі "батаменен ел көгерер" деген даналық сөз бар. Бұл сөздің мағынасы өте терең.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Еліңді құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады»-деп атап көрсеткен болатын. Елдің болашағы үшін барын салып, аянбай еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіп, оларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Осы борышты абыроймен атқару - бүгінгі күннің басты жұмысы.
Осыған орай, Шардара ауданы әкімінің ұйымдастыруымен әртүрлі салада қызмет еткен 30-дан астам ардагерлер түрленіп келе жатқан Түркістан қаласын тамашалады. Ардагерлерді аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев шығарып салып, киелі шаһарға аман-есен барып қайтуларын тіледі.
Қариялар ең алғашқы зияратын Арыстанбаб кесенесінен бастап, Отырар қалашығын, Керуен сарайын, Яссауи кесенесін, Фараби кітапханасын, Алатау медиа орталығын, облыс әкімдігін, Конгресс холл және басқа да Түркістан шаһарынан жаңадан бой көтерген нысандарды аралады. Соңғы технологияның көмегімен салынып жатқан құрылыс жұмыстарына дән риза болып, еліміздің болашағы зор екендігіне көз жеткізді.
Ардагерлер түрленіп, түлеген Түркістан қаласының бүгінгі келбетін таңдана да тамсана тамашалады. Сондай-ақ, саяхаттан аудан ардагерлері рухани серпіліп қайтты. Олар осы сапарды ұйымдастырып, қарияларға бас-көз болып жүрген аудан әкімдігінің қызметкерлеріне зор алғыстарын білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.