Елбасы Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешенге «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір кездері: «Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол – Қазақ елінің рухани жүрегі» - деп, Түркістанның қазақ халқының өмірінде ерекше орын алатынын айтқан болатын.
Түркістан облыс орталығы атанған 3 жылдың ішінде гүлденіп, дамыды. Қаланың оңды өзгерістері мен жақсы нәтижелері ерекше көзтартады. Рухани астананың бүгінгі өзгерістерін талдап, өз бағасын беруге Елбасы арнайы жұмыс сапарымен келді.
Елбасы әуелі қазақ хандығының негізін қалаушылардың құрметіне тұрғызылған "Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешеннің" ашылу салтанатына қатысты. Елбасы салтанатты шарада Қазақстанның барлық өңірлеріндегі киелі жерлердің топырағы жиналған «Ұлы Дала бірлігі» капсуласын салды.
Жалпы, "Қазақ хандығына арналған мемориалдық кешеннің" архитектуралық шешімі – биіктігі 7 метрлік сатылы 21 пилоннан тұратын, диаметрі 35 метрге тең киіз үй бейнелі композиция. Сәулет кешенінің орталық бөлігіндегі гранит тұғырда хандар ұстайтын асатаяқ пішіндес, биіктігі 12 метрге тең стела орнатылған. Оның түбінде төрт таутеке мүсіні бар. Орталық композицияны ішкі жағынан ұзындығы 28 метрлік «Қазақ хандығының тарихы» барельефі қоршап тұр.
Сондай-ақ, аталмыш шарадан соң Елбасы "Тұңғыш Президент" саябағының абаттандыру жоспарымен танысты.