Бірлік пен өзара құрмет – басты құндылық

Oinet.kz 13-10-2026

image.png

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласындағы Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінде жастар арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтарын насихаттауға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Жиынның негізгі мақсаты – жас буынның қоғамдық жауапкершілігін арттыру, этносаралық татулық пен өзара құрметтің маңызын түсіндіру.

Кездесуге Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Уәлихан Самат, қалалық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкері Нұржан Абдукаримов және «Жастар орталығы» КММ қызметкері Руслан Мизамбек қатысты. Мамандар жастармен пікір алмасып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға қатысты мәселелерді талқылады.

Іс-шара барысында қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және жалпыұлттық бірлік қағидаттарын дәріптеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстанның қоғамдық өміріндегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың маңызына тоқталып, түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластығы ел ішіндегі ынтымақты сақтаудың негізгі шарттарының бірі екені айтылды.

Жиында діни сауаттылық мәселесіне де назар аударылды. Жастарға діни ақпаратты дұрыс түсіну, күмәнді мәліметтерге сын көзбен қарау және сенімді дереккөздерге жүгіну қажеттігі түсіндірілді. Ақпараттық кеңістікте түрлі мазмұндағы материалдар көп таралатын қазіргі кезеңде жастардың ақпаратты саралап, оның мазмұнына байыппен қарауы маңызды. Діни сауаттылық адамның өз көзқарасын қалыптастыруына ғана емес, өзге адамдардың сенімі мен пікіріне құрметпен қарауына да ықпал етеді.

Сонымен қатар қатысушылар арасында толеранттылық, өзара түсіністік және жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру мәселесі қозғалды. Қоғамда әртүрлі пікірдің болуы заңды құбылыс. Мұндай жағдайда келіспеушілікті жанжалға ұластырмай, мәселені диалог арқылы шешу, өзгенің құқығы мен ар-намысын құрметтеу маңызды. Бұл ұстанымдар жастардың қоғамдық ортадағы қарым-қатынасына да тікелей қатысты.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Мамандар қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, қоғамдық келісім мен діни сауаттылыққа қатысты түсініктерін толықтырды.

Қоғамдық келісім мен заңға құрмет – ортақ құндылық
Татулық пен тәртіп – тұрақтылық негізі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу