Қоғамдық келісім мен заңға құрмет – ортақ құндылық

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында жастардың қатысуымен қоғамдық келісім, діни сауаттылық және өзара түсіністік құндылықтарын насихаттауға арналған кездесу өтті. Жиында жастарға заң талаптарын сақтау, деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтану және қоғамдағы татулықты нығайту мәселелері түсіндірілді.
Іс-шараның мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің маңызын түсіндіру, сондай-ақ жас буын арасында өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру.
Кездесуге Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Әбдіманап Нұрхан, Шымкент қаласы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Аббас Шамирзаев және «Жастар орталығы» КММ қызметкері Лаура Құрманғазы қатысты.
Мамандар жастарға діни сауаттылықтың маңызы, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және интернетте таралатын ақпаратты саралай білу жөнінде түсіндірді. Әсіресе діни мазмұндағы мәліметтерді тексермей қабылдамау, күмәнді ақпаратқа сыни көзқараспен қарау және сенімді дереккөздерге жүгіну қажеттігі айтылды. Сонымен қатар азаматтардың заң аясында әрекет етуі мен өз құқықтары және міндеттерін білуі қоғамдық тұрақтылықты сақтауда маңызды екені сөз болды.
Кездесуде қоғамдағы келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу мәселесіне де назар аударылды. Кәсіби медиатор Аббас Шамирзаев жастарға өзара диалог орнату, тараптардың пікірін тыңдау және медиацияның қоғамдық қатынастардағы рөлі туралы түсінік берді. Даулы жағдайларда күш көрсетуге немесе жанжалды ушықтыруға жол бермей, мәселені заңды әрі бейбіт жолмен шешудің маңызы түсіндірілді.
Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандармен пікір алмасты. Ашық форматта өткен кездесу қатысушылардың діни сауаттылық, құқықтық жауапкершілік және қоғамдық келісім жөніндегі түсінігін кеңейтуге бағытталды.
Жастардың діни ақпаратты дұрыс саралап, өзге пікірге құрметпен қарауы және келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге ұмтылуы қоғамдық келісімді сақтауда маңызды.


