Жасөспірімдерге құқықтық мамандықтың қыр-сыры таныстырылды

Oinet.kz 28-09-2026

image.png

«Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында Еңбекші ауданы прокуратурасында №40 мектеп-гимназиясының «Болашақ прокурор» үйірмесіне қатысатын оқушылар үшін Ашық есік күні ұйымдастырылды. Кездесудің мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, заң саласындағы мамандықтар туралы түсінігін кеңейту және құқықтық мәдениетін қалыптастыру.

Іс-шара барысында оқушылар прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Прокуратура қызметкерлері қадағалау жұмысы, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, заңдылықты қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағыттарында атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді.

Кездесуде прокурор қызметінің күнделікті міндеттерімен қатар, бұл мамандық иесіне қойылатын талаптарға да назар аударылды. Заңды терең білу, құжаттармен мұқият жұмыс істеу, азаматтардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарау және әрбір шешімде заң талаптарын басшылыққа алу – құқық қорғау саласындағы қызметтің маңызды қырлары екені түсіндірілді.

«Болашақ прокурор» үйірмесіне қатысатын оқушылар үшін мұндай кездесу кәсіби бағыт-бағдар тұрғысынан да маңызды. Себебі теориялық білімді нақты қызмет барысымен ұштастыру олардың құқық саласына деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Оқушылар прокурор мамандығына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, осы қызметтің ерекшеліктері, жауапкершілігі мен қоғамдағы маңызы туралы кеңінен ақпарат алды.

«Заң мен Тәртіп» қағидатының орнығуы құқықтық сауатты, өз құқығы мен міндетін білетін азамат қалыптастырумен тығыз байланысты. Сондықтан жасөспірімдерге заң талаптарын ерте жастан түсіндіру, құқық бұзушылықтың салдарын ұғындыру және құқықтық мәдениетін қалыптастыру – профилактикалық жұмыстың маңызды бағыты.

Іс-шара соңында оқушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы таныстырылып, Ата Заңның даналары сыйға тартылды. Кездесу жас буынның құқықтық білімін толықтырып қана қоймай, олардың заң саласындағы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Құқықтық сауат – қауіпсіз ортаның негізі
Цифрлық ортадағы қауіпсіздікке назар аударылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу