Құқықтық сауат – қауіпсіз ортаның негізі

Oinet.kz 28-09-2026

image.png

«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Әл-Фараби ауданының прокуратурасы №10 Ақпан батыр атындағы мектеп оқушыларына профилактикалық дәріс өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып, өз құқықтары мен міндеттерін білуіне жағдай жасау және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Дәріс барысында буллинг, алаяқтық және өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оқушыларға күнделікті өмірде кездесуі мүмкін жағдайлар түсіндіріліп, қандай әрекеттердің заң талаптарына қайшы келетіні айтылды. Сонымен бірге кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылық жасаған жағдайда заң алдында жауапкершілікке тартылатыны жөнінде түсіндіру жүргізілді.

Жасөспірімдер арасында буллингтің алдын алу да маңызды мәселелердің бірі ретінде қаралды. Оқушыларға қатарластарына құрметпен қарау, жанжалға жол бермеу, қысым немесе қорқыту жағдайына тап болған кезде оны жасырып қалмай, ата-анаға, мұғалімге немесе тиісті мамандарға хабарлау қажеттігі түсіндірілді.

Алаяқтықтың алдын алу бойынша да пайдалы ақпарат берілді. Әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сақтықпен қарау, жеке мәліметтерді бөтен адамдарға бермеу және күмәнді сілтемелерге өтпеу қажеттігі айтылды.

Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті түсіндірмелер мен жауаптар алды. Ашық форматтағы әңгіме жасөспірімдердің құқықтық мәселелерге қызығушылығын арттырып, заң талаптарын күнделікті өмірде сақтаудың маңызын түсінуге мүмкіндік берді.

«Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру ең алдымен жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырудан басталады. Өз құқығын білетін, міндетін түсінетін және заң талаптарын сақтайтын жасөспірім құқық бұзушылықтың алдын алуға да саналы түрде атсалыса алады.

Іс-шара соңында оқушыларға құқықтық нормаларды сақтау, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қандай да бір қиын жағдайға тап болған кезде дер кезінде көмекке жүгіну бойынша ұсынымдар берілді. Мұндай профилактикалық кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жолдағы тәртіпті бірге қалыптастырайық!
Жасөспірімдерге құқықтық мамандықтың қыр-сыры таныстырылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу