Түркістан облысына – 7 жыл!

Oinet.kz 26-06-2025 36

 1.jpg

2018 жылдың 19 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы оның әкімшілік орталығы болып жарияланды. Бұл тарихи шешім ел өмірінде үлкен бетбұрыс жасап, тек географиялық немесе басқарушылық өзгеріс қана емес, бүкіл өңірдің жаңа тынысын ашқан үлкен стратегиялық қадам болды. Түркі дүниесінің рухани астанасы саналатын Түркістан қайта түлеп, жаңа ғасырдағы жаңару жолына түсті. Биыл, міне, осы айтулы оқиғаға жеті жыл толып отыр.

Түркістан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауындағы қала. Аймаққа арнайы бірқатар сапарлармен келіп, бірнеше мәрте өңірдің дүниежүзілік маңызына тоқталған Мемлекет басшысы:

«Түркістан – тек қазақ халқының ғана емес, күллі түркі жұртының қасиетті мекені. Түркістан — сан ғасырлық адамзат шежіресінің куәгері және өркениет жауһары.  Түркістан – Атажұртымыздың алтын қазығы… Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі — руханиятымыздың мызғымас діңгегі»,-деп атап өткен болатын.  

2022 жылы облыс тұрғындарымен кездесуінде Президент:

«Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер… Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді… Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ,--деген болатын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өңірге келген сапарларында:

«Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын… Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз — бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз… Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы… Бұл қасиетті жерді көзіміздің қарашығындай сақтап, дамытуымыз керек»,--деп атап өткен.

Осы қысқа мерзім ішінде Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны айтарлықтай жеделдеп, өңір Қазақстанның серпінді аймақтарының біріне айналды. Облыстың жалпы өңірлік өнімі 2,6 есеге өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті. 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 1,7 трлн теңге болатын. Өнеркәсіп өндірісі де екі жарым еседен астам өсіп, 1 214 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Түркістан облысы республика көлемінде жетекші орынға шықты. Саладағы өнім көлемі 7 жыл ішінде екі есеге өсіп, алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Бұл нәтижелер – ауыл еңбеккерлері мен жергілікті биліктің үйлесімді жұмысының айғағы.

Облыста индустриалды даму қарқыны да жоғары. Бүгінгі таңда өңірде инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген 19 индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Қосымша 195,4 млрд теңгеге 57 жаңа жобаның құрылысы жүргізілуде. Түркістанда алғаш рет 100 гектар аумақта "Шағын өнеркәсіптік парк" жобасы іске қосылды. Мұндай жобалар өңірге инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті қолдауға үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Инвестиция – экономиканың басты қозғаушы күші. Соңғы жеті жыл ішінде облысқа тартылған инвестиция көлемі 4,2 есеге өсіп, 1 335 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде биылғы жылдың өзінде 387,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Мұның 199,3 млрд теңгесі – жеке қаражат, ал 128,7 млрд теңгесі – бюджеттік инвестиция. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де айтарлықтай артып, 1 млрд 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245%-ға асыра орындалды. Бұл – өңірдің инвестициялық тартымдылығы мен халықаралық сенімнің көрсеткіші.

Туризм саласы да ерекше қарқынмен дамып келеді. Түркістан қаласы бүгінде тек тарихи орталық қана емес, халықаралық деңгейдегі туризм нысанына айналуда. Соңғы жеті жылда бұл салаға 442,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Туризм инфрақұрылымы қарқынды дамып, қалаға келуші туристер саны жыл сайын артып келеді. Халықаралық әуежайдың іске қосылуы, "Керуен-Сарай" көпфункционалды кешенінің ашылуы, жаңа қонақүйлер мен мәдени-рухани орындардың салынуы бұл саланың болашағы зор екенін көрсетеді.

Түркістан қаласының өзі соңғы жылдары түбегейлі өзгерді. Қалада 100 мың адамға арналған инфрақұрылым тартылып, жаңа тұрғын үйлер бой көтерді. Жаңа мектептер, ауруханалар, спорттық және мәдени нысандар салынып, халықтың өмір сапасы айтарлықтай жақсарды. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріліп, арнайы заң қабылданды. Бұл заң қаланың басқару жүйесін жетілдіруге, қаржыландыру тетіктерін нақтылауға мүмкіндік берді. Бүгінде Түркістан – Орталық Азиядағы ең сәулетті және ең қарқынды дамып жатқан қалалардың бірі.

Ауылдық аумақтардың дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Облыс әкімдігі тарапынан ауыл инфрақұрылымын жақсарту, жолдарды жөндеу, ауыз су және газбен қамту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асуда. Мұның бәрі облыс халқының әл-ауқатын арттырып, халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етуде.

Түркістан облысы – жаңару мен өркендеудің, тұрақты дамудың нақты үлгісі. Бұл өңір жеті жыл ішінде өз әлеуетін дәлелдеп қана қоймай, алдағы кезеңдерге де үлкен сеніммен қадам басып отыр. Түркістан – халқымыздың рухани жүрегі ғана емес, бүгінгі таңда еліміздің экономикалық, әлеуметтік, мәдени және туристік орталығына айналып келе жатқан бірегей аймақ. Бұл жетістіктер – бірлік пен еңбек, көрегендік пен қолдаудың жемісі. Ендігі мақсат – осы қарқынды бәсеңдетпей, болашаққа сенімді әрі жүйелі қадам жасау.

Экономиканың басты көрсеткіші — жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн.теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 1,7 трлн.теңгені құраған болатын.

Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есеге артып, 1214,0 млрд. теңгені құрады. Өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өңдеу салалары өнімдерінің артуы есебінен орын алды.

Облыс аумағында белсенді 405 кәсіпорын жұмыс жасайды. Онда 35 942 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 51,6 млрд. теңгені құрайтын 13 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 1600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд.теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды.

Ал 2025-2031 жылдары өңірде жалпы құны 629,4 млрд.теңгеге 12 жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде, 3916 жаңа жұмыс орны құрылады.

«ҚазАтомпром» Ұлттық компаниясы уран өндіруші компаниялардың сұранысына сәйкес Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлауда.

Жобаның инвестициялық құны — 100 млрд. теңге. Зауыт 250 жаңа жұмыс орнын ашуға мүкіндік береді.

Түркістан облысында өндіріс өркендеп келеді. Өңірде өндіріс саласына инвестиция тарту мен заманауи кәсіпорындарды іске қосуға басымдық берілген. Аумақтың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру мақсатында алдағы уақытта бірқатар маңызды ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті экономиканың дамуына тың серпін береді.

Түркістан облысында өңір экономикасын дамытудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі саналатын өнеркәсіп саласына басымдық берліген. Осы мақсатта шет мемлекеттерден инвестиция тарту, тәжірибе алмасу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы өнеркәсіптік алаңдар құрылған.

Облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 2443,2 гектарды құрайтын 19 индустриалды аймақ және 580 гектар аумақта орналасқан 3 өнеркәсіптік аймақ пен арнайы экономикалық аймақтар бар. Бұл аймақтарда 42,4 млрд. теңгеге 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізіліп, жүзеге асыру сатысында.


Прокурор «Тәшенев тартуы» білім гранты иегерлерімен кездесті
Инфрақұрылым –өмір сүру сапасының басты факторы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу