Инфрақұрылым –өмір сүру сапасының басты факторы
2018 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, киелі Түркістан қаласын облыс орталығы етіп бекітті.
Бұл шешім – тек әкімшілік реформа ғана емес, тарихи-мәдени және экономикалық өркендеудің жаңа кезеңіне жол ашқан тағдырлы оқиға болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Түркістан – барша түркі жұрты үшін қасиетті мекен. Біз осы өңірдің дамуымен күллі түркі әлемінің рухани жаңғыруына серпін беріп отырмыз». Бүгін, міне, Түркістан облысының құрылғанына жеті жыл толып отыр. Осы аз уақыт ішінде өңірдің елді мекендері түбегейлі өзгеріп, сапалы инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіші айтарлықтай жақсарды.
Облыс құрылған сәттен бері инфрақұрылымды жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бұрын ауыз су жүйесі мүлдем болмаған 30 елді мекенге жаңа су құбыры тартылып, тозығы жеткен 13 елді мекеннің су жүйелері жаңартылды. Нәтижесінде бүгінгі таңда облыстағы 767 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Алдағы жоспар бойынша тағы 30 ауылға су тартылып, қамту деңгейі 100%-ға жеткізіледі.
Табиғи газ жүйесі бойынша да айтарлықтай серпіліс бар. 2018–2024 жылдары аралығында 115 газ нысанының құрылысы аяқталып, 563 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізілді. Қамтылған халық саны – 1,8 миллион адам. Биылғы жылдың соңына дейін тағы 45 елді мекенге газ беріліп, жалпы қамту көрсеткіші 75,3%-ға жетпек. Айта кетерлігі, Кентау қаласындағы 85 пайыз тозған жылу орталығы жаңғыртылып, 6 қазандық қайта құрылып, 6,6 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Сонымен қатар, 2025–2027 жылдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 148 млрд теңге инвестиция көлемімен газ турбиналы станция салу жоспарланған. Бұл жоба 240 МВт электр және 160 Гкал/сағ жылу қуатын өндіруге мүмкіндік береді.
Электр энергиясымен қамту деңгейі де жоғары деңгейде. Облыстағы елді мекендердің 98 пайызы орталықтандырылған желімен қамтылған. Қалған шалғай ауылдарға күн панельдері мен дизельді генераторлар арқылы энергия берілуде. 2024 жылы 93 елді мекенге сапалы электр қуатын жеткізу көзделуде. Қосымша қуат көзі ретінде «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 000 МВт-тық бу-газ қондырғысын салу жұмыстары басталды. Бұл өңірдің электр қуатына тәуелділігін айтарлықтай азайтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға сапары барысында: «Түркістан – халқымыздың киелі мекені ғана емес, болашақтың қаласы. Инфрақұрылым – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартудың басты факторы» – деп атап өткен болатын. Бұл бағытта өңірде әлеуметтік және тұрғын үй құрылысы үздіксіз жалғасып келеді. 2018 жылы 388 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 1,153 млн шаршы метрге жетіп, үш есеге артты. 7 жылда 8449 отбасы коммуналдық тұрғын үймен қамтылып, әлеуметтік әл-ауқаты жақсарды. Қазіргі уақытта облыста 69 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұр. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасымен 2 мыңнан астам отбасы қамтылды.
2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 306,1 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілді. Жыл соңына дейін 1 млн 60 мың шаршы метр тұрғын үй (оның ішінде 231 көпқабатты үй – 428,8 мың шаршы метр, жеке тұрғын үйлер – 631,2 мың шаршы метр) пайдалануға беріліп, тағы 6 891 отбасы қоныс тойын тойламақ.
Президент Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Біздің міндетіміз – Түркістанды бүкіл түркі дүниесінің жүрегі етіп қалыптастыру. Ол үшін инфрақұрылыммен қатар, тұрғындардың өмір сапасы да жоғары болуы тиіс».
Бүгінде Түркістан облысы – тарихи тамыр мен заманауи өркендеудің тоғысқан тұсы. Инфрақұрылымның жетілуі тек цифрлармен емес, тұрғындардың күнделікті өмірінен, сапалы өмір сүруге қол жеткізуден байқалады. Жеті жыл – үлкен жолдың бастауы. Бұл даму қарқыны алдағы уақытта да жалғасын тауып, Түркістан өңірі еліміздің ең дамыған аймақтарының біріне айналатынына сенім мол.