Н.Көшеров: Мемлекеттік сатып алу рәсімдері заң талаптарына сай болуы тиіс
Түркістан облысында мемлекеттік сатып алу саласына қатысты өзекті мәселелер мен бақылаудың әлсіреуіне жол бермеу мақсатында облыс әкімдігінің мәжілісі өтті. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті. Басқосу барысында мемлекеттік қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы мәселесі басты назарға алынып, бірқатар сын-ескертпелер айтылды. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аймақ басшысы нақты талап қойды: енді әрбір мемлекеттік жобаның тиімсіздігі немесе заңсыз рәсімделуі тікелей жауапты басшылардың тәртіптік жауапкершілігіне әкеледі. Бұл ретте әкім аудан, қала әкімдері мен облыстық басқарма басшыларының мемлекеттік сатып алуға жауапты орынбасарларын жеке бақылауға алып, оларға қатысты нақты шаралар қабылданатынын ескертті.
– Мемлекеттік қаржы әр тиынына дейін тиімді жұмсалуы қажет. Қолға алынған барлық жобалар уақтылы әрі тиімді жүзеге асырылуы тиіс. Мемлекеттік қаражат тек әлеуметтік маңызы бар, халыққа пайдасы тиетін жобаларға ғана бағытталуы керек. Ысырапшылдыққа жол берілмейді. Қажетсіз жобалар үшін қаржы шашу тоқтатылсын. Әр басшы жауапкершілікті сезінсін. Мемлекеттік сатып алу рәсімдері заң талаптарына сай әрі ашық түрде жүзеге асырылуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Әкімнің айтуынша, бүгінгі таңда бюджет қаржысы бірінші кезекте әлеуметтік маңызы жоғары, ел игілігіне нақты пайда әкелетін жобаларға ғана жұмсалуы тиіс. Ал көзбояушылыққа, формализмге, қажеттілігі күмән тудыратын бастамаларға енді орын жоқ.
Жиын барысында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақаәділ Сатыбалды атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді. Оның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері басқармаға жалпы сомасы 147,9 млрд теңгені құрайтын 953 өтінім келіп түскен. Оның ішінде:
Жұмыстарға – 74,4 млрд теңгеге 266 өтінім,
Қызметтерге – 30,7 млрд теңгеге 378 өтінім,
Тауарларға – 42,8 млрд теңгеге 309 өтінім тіркелген.
Қазіргі уақытта 140,9 млрд теңгеге 856 сатып алу рәсімі аяқталған, қалған 7 млрд теңгені құрайтын 97 рәсім әлі жүргізілуде.
Жиын барысында мемлекеттік сатып алуға байланысты бірнеше нақты кемшілік аталып, бірқатар әкімдіктер мен басқармаларға сын айтылды. Жүйелі заң бұзушылықтарға жол беріп жүрген мекемелер бойынша рейтинг әзірлеу тапсырылып, бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жауапты басқармаларға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп семинарлар өткізу, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу жүктелді.
Нұралхан Көшеровтің айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу саласындағы әрбір қадам ашық әрі бақылауда болады. Бұл саладағы тәртіпсіздікке енді мүлдем жол берілмейді. Аймақ басшысы мемлекеттік басқарудағы жаңа стильді – қатаң тәртіп пен тиімділікке негізделген басшылық моделін енгізіп отыр.
Бюджет – тек сандар жиынтығы емес. Бұл – халықтың әл-ауқаты, балалардың мектебі, жолдың сапасы, ауылдағы су, қаладағы жылу. Мемлекеттік сатып алу – осының бәріне бастау бола алатын негізгі құрал. Сондықтан ол барынша әділ, ашық және тиімді болуы тиіс.
Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жағынан республикада алдыңғы қатарда келеді. Бұл жетістіктерді одан әрі нығайту үшін басқару мәдениеті мен қаржылық тәртіпті күшейту – басты міндет. Енді әрбір теңге қатаң есеппен және халық игілігі үшін ғана жұмсалатын болады.