«Менің ұстанымым адалдық, тынымсыз еңбек»

Oinet.kz 04-04-2024 617

Сарыағаш  аудандық  білім бөліміне  қарасты №18 Абай  атындағы  жалпы  білім  беретін  мектебінің қазақ тілі  мен  әдебиеті мұғалімі, педагог-шебер Смаилова Ақжарқын Әбиқызымен №49 М.Жұмабаев атындағы жалпы  білім  беретін мектебінің ұйымдастырушы-педагогі, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, магистранты Махтумханова Гульмира Хайболқызы сұхбат  жүргізді.

Screenshot_7.jpg

Мақсаты: Мектеп оқушыларының  кітап оқуға деген қызығушылығын  ояту. Ажарқын Әбиқызының жеткен жетістіктерін болашақ қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болатын жастарға насихаттау.

- Саламатсыз ба, Ақжарқын  Әбиқызы! Алдымен, өзіңізбен  сұхбат   жүргізуге  рұқсатыңызды  бергеніңіз үшін  алғысым  шексіз.  Ұстаз бұл – ұлағатты  есім. Әр  адамның  жүрегіне  ерекше жылулық  сыйлайтын мамандық. «Алты  алаштың  басы  қосылса, төр – мұғалімдікі» дейді. Ақжарқын Әбиқызы, осындай  қызығы мен  қиындығы  қатар  жүретін  мамандықты  таңдауға не  себеп  болды әңгімемізді  осыдан  бастасақ. 

- Рахмет  әріптес, қадірменді  оқушылар, қадамдарыңыз құтты  болсын.   Сарыағаш  ауданының  білім  бөліміне  қарасты М.Жұмабаев атындағы №49 мектептен түлеп ұшқан азаматтарды қазіргі  таңда жақсы танимыз. Мектептеріңізді ауданымыздың белді, беделді оқу ордаларының бірі деп білемін. «Алты  алаштың  басы  қосылса, төр – мұғалімдікі» деп Мағжан  атамыз айтқандай, бала кезде  не  армандасаң  соған  жетесің  дейді, балалық  шағымда туыстарымды, бауырларымды  оқытып, «үйшік-үйшік», «Апай-апай»  ойнайтынбыз, сол уақытта мен мұғалім рөлін  көп сомдайтынмын. Сонымен қатар, ұстаз  болуыма  түрткі  болған бастауышта  оқытқан Нұрсұлу ұстазыма қатты  еліктеуші  едік. Сол  кездегі  ұстазға  деген бала  мейірім ғой. Мені қазақ   тілі мен  әдебиетке ыңғайлаған,  дайындаған мұғалімім Зұлпар Смайлов  - әрі ағам, әрі  ауданның  бас  ұстазы, ақын. Бүгінде қазақ тілі мен  әдебиеті  пәнінің  мұғалімі  болуыма өз  үлестерін қосқан ұстаздарымның ерекше әсері мен ата-анамның  тәрбиесі  болды  деп  ойлаймын. 

- Демек, бұл сіздің бала  кезіңіздегі арманыңыз, ешқандай ата-анаңыздың  ықпалы емес, өзіңіздің жүрек  қалауыңызбен  таңдаған мамандығыңыз  болды ғой.

- Иә, солай.

-  Өте жақсы! Ахмет Байтұрсынұлы Ұлттық  Академиясының ұйымдастыруымен «Үздік  оқырман»  байқауына қатыстыңыз. Байқау жайында айтып өтсеңіз және осы байқаудан өзіңізге қандай рухани  азық  алдыңыз? 

- Иә, рақмет! Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлының «Оқуға құштар мектеп», «Бүкіл мектеп - бір кітап»  жобасы аясында көптеген іс-шаралар өткізілді  және  білім ошақтарында ата-аналар мен қоса оқушыларды игі істерге  жетелейтін  кітаптар оқыды. Осындай  іс-шараның  жалғасы  ретінде Астана   қаласындағы Ахмет  Байтұрсынұлы Ұлттық Академиясы өзіне  үлкен  міндеттеме  жүктеп, кітапты  мұғалім  оқыса, сол  оқыған  мұғалім әр  баланың  жүрегіне  шамшырақ  жаға  біледі деген терең   стратегиялық мүддені алдына  қойып, осы байқауды  ұйымдастырған  болатын. Байқау өткен жылдың ақпан  айында жарияланып,   үш  мыңнан  аса мұғалім  қатысты.  Байқау  екі  кезеңнен өтті. Бірінші  кезеңде онлайн фарматта алғашқы бес  кітапты іріктеп оқып, сол бойынша  ашық  сұрақтарға  жауап беріп, одан   ең жоғары балл жинағандар  екінші  кезеңге  өтті. Екінші  кезең  қазан  айында  болды. Қазан  айында да байқауға  қатысушылардың  жауаптары  сұрыпталып, қорытынды  нәтижесі  еліміздің ең басты  мерекесі  «Тәуелсіздік  күнінде»  жарияланды. Қаңтар  айының 27-сі күні  Астана қаласында Ы.Алтынсарин мектебінің  базасында байқаудың марапаттау салтанатты жиыны болып  өтті. Жиыннан өте  керемет  әсер алдым. Себебі, Республика  бойынша «Үздік  оқырман»  байқауынан үшінші  орынға ие болдым.. Тек  қана қазақ тілі әдебиет пәні  мұғалімі  емес, жалпы мұғалімдердің  кітап оқығанын, кітапқа  деген сүйіспеншілігіне әуесім келді. Жеңімпаздардың арасында физика пәні мұғалімдері, биология пәні  мұғалімдері, бастауыш  сынып  мұғалімдері тіпті  мектеп басшылары да бар. Кітап - таптырмас  серік, жүрекке үнемі нәр  беретін үлкен  құндылық. Ол сарқылмайды, оның  орнын  ешқандай  технология  баса  алмайды. Кітап оқу фестивальі өте  тамаша, жоғары  деңгейде  өтті деп  айта аламын. Марапаттау рәсімінде ғалым  ұстаздар  өздерінің бүгінде жастарды  қалай кітап оқуға деген  ықыластарын қызықтырамыз сынды әлемдік  тәжірибеде бар жаңа әдіс-тәсілдермен  таныстырды. Жиында өзекті  мәселелер  талқыланып,  ғалым  апамыз Әлима Қисымқыз бүгінде көп  жастардың  кітап  оқымайтынына жүрегі  ауыратынын айтып өтті. Үлкендер  тарапынан осы  мәселеге ешқандай  алаңдаушылықтың болмауына ерекше  тоқталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен барған  байқаудан  орын  алған мұғалімдер өздеріне үлкен  міндеттемелер алды. Жеңімпаз ұстаздар алдағы  уақытта педагогикалық  іс-әрекетінде  жас буынның  кітапсүйгіш қабілеттерін арттыру  қажет деген үлкен аманатты  мойындарына  арқалап  қайтты  деп  ойлаймын. 

Screenshot_8.jpg

- Осы тұста «Үздік оқырман» байқауының шарты  бойынша қатысушыларға он кітап оқу міндеттелген. Отбасылы болсаңыз, балалардың ас-ауқаты, жұмысыңыз, күйбең тірлік бар. Сіз сол он кітапты оқу үшін  қалай  уақыт  таптыңыз?

- Ең  алдымен ниет. Ниетің шынайы болса адам баласы кез келген  биік шыңға шығады деп  айта  аламын. Мен көркем шығармадан қол үзбеген адаммын. Баспасөзге мақалалар жариялап  тұрамын. Әйтеуір біреу талап  етпесе де, өзім осы салаға қызыққаннан үнемі ізденіс  үстінде  боламын.  Оның үстіне қазақ тілі мен әдебиеті  маманы болғандықтан біздің  өміріміз көркем  шығармамен тығыз  байланысты. Он романды оқу  барысында  өте көлемді  шығармалар  болды. Мектептің іс-шарасы,  өзіңіз  айтқандай жеке өмірдегі күйбең тірліктермен  қабаттаса  жүріп, уақыт  табуға  тырыстым. Бұл жерде маған  кедергі болғаны кітаптың өзін  таппай кейбір  шығармаларды арнайы  тапсырыс беріп почтамен  алдырып оқыған  кезім  болды. Әлем әдебиетіне тән шығармаларды интернет желісінен тартып  немесе скриндап оқыдым. Бірінші кезеңде бос уақыт табуға  тырысып, түнде оқыдым. Ал екінші  кезеңде үш ай жазғы демалыс кезінде біраз  өндіріп оқыдым. Ең бастысы  үлгердім! 

-  «Ұстаз  деген шәкіртінің шырағын жаға  білуі  керек. Мен Сұлтанның шырағын жаға  алмадым», дейді «Менің атым Қожа» фильміндегі Рахманов  ағай.  Осы  секілді шырағы жағылмаған  оқушыны  көзіңіз көргенде кімді кінәлайтын  едіңіз? Мұғалімді ме әлде  оқуға  ынтасы жоқ  оқушыны ма? 

- Менің ұстаздық тәжірибеме 21 жылдан  асып  жатыр. Біздің алдымыздан бес саусақ  бірдей болмаған секілді сан деңгейлі, сан  түрлі  отбасы, сан  түрлі тағдыр иелері өтеді. Мұғалім  мамандығының ерекшелігі - басқа  мамандыққа  қарағанда біз тұлға  дайындаймыз, болашақтың иелерін дайындаймыз. Біз оқытып отырған оқушылар ертең болашақтың  иесі. Қазақ елінің тұтқасын  ұстайтын азаматтар.  Менің ең басты  мақсатым - адамгершілігі мол тұлға  қалыптастыру. Оның  сабағы мейлі төмен болсын, орта болсын, жоғары  деңгейде  болсын, бірақ  адамгершілікті  жоғалтпайтын, досына  адал, жүрегі  таза  азамат тәрбиелей отырып оқытсақ, қара жұмысшы болса да, басқа маман иесі болса да ол  қоғамда өзінің  орнын міндетті  түрде табады. Әрине, білім  беру  стандарттарын қамтуға әрекет жасаймыз. Олардың жүрегіне  шамшырақ  жағуды мақсат  тұтамыз. Оқушылар  бастауыштан  білім алып,   орта  буынға  келген  кезде қолдауымызды  көріп, мұғалімнің жылулығына сүйеніп,  содан тіпті өлең жазатын ақынға  айналған  түлектерімізде болды. Бітіруші түлектеріміз бүгінгі күнге дейін хабарласып  тұрады. Бұл жеке өз басымды дәріптегенім емес, бірақ, сол оқушылардың жүрегіне жұлдыз  жаға білгеніме, өмірден  өз  орындарын  таба білгеніне септігімнің тигеніне, қазірге дейін хабарласып рақметін айтқанда марқайып қалатыным бар. Ұстаз деген - басқа бір адамның жетістігіне қуанатын тұлға. Сол сияқты әр баланың жүрегіне шамшырақ  жаға білу, ізгіліктің нұрын құя білу, дұрыс адам болуға қалыптастыру баршамыздың ортақ парызымыз және міндетіміз деп есептеймін. 

- Демек, мұғалім себепші...

- Иә, әрине, мұғалімнің қолында және де  ата-ананың да ықпалы зор. Дегенмен, ұстаздарда премьер-министрдің, хан-сұлтанның, қазіргі билік өкілдерінің қолында жоқ  көзге көрінбейтін билік бар. Билік дегенім ол - адам қалыптастырады, адами капитал қалыптастырады. Сондықтан, еліміздің болашағын баянды ететін ұрпақ тәрбиелеп оқыту бәріміздің қолымызда.

- Ақжарқын Әбиқызы, педагогикалық  ұстанымыз қандай? 

- Менің педагогикалық  ұстанымым: «адалдық, тынымсыз еңбек және сол еңбектің жемісін үлестіру» 

- Күні кеше Түркістан қаласаында өткен «Алаш  ардақтыларының  көтерген  ұлттық  идеялары  және педагогикалық  шығармаларының  қайта  жаңғыруы»  тақырыбындағы облыстық  ғылыми-практикалық конференцияға  қатыстыңыз. Конференциядан  алған  әсеріңізбен  бөліссеңіз?

- Иә, мен осы іс-шараны Сарыағаш аудандық білім бөлінімің қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің әдіскері Гүлжаухар Орманова  ұсынған кезде баяндама оқуды өз еркіммен, жоғары жауапкершілікпен алдым. «Алаш»  десе жүрегіміз дүрсілдеп, оның қайраткерлерінің  тағдырына қиналмайтын саналы адам жоқ шығар.  Себебі, бүгінге  дейін сол  кісілердің  салып  кеткен идеясының шуағына шомылып жүрміз. Аты аталмағанымен бізде мәңгілік  өшпейтін мұра - Алаш қайраткерлерінің бізге салып  кеткен  ізі. Кешегі 70 жылдық цензураның кезінде де қанша бүркемелесе де алтын көмбенің үстін топырақпен жаба алмайтынымыз секілді Алаш  қайраткерлерінің ұлтқа берген ешкімге айырбастағысыз қазынасын жаба алмады. Мәселен, сол жылдары Ахмет Байтұрсыновтың есімін атамасақ та ол  жазып кеткен етістік, есімдік, зат есім бүкіл қазақ тілі мен әдебиеттің теориясын әлі күнге дейін қолданып  жүрміз. Әліпбиінің өзі бөлек дүние. Әрқайсысы жеке-жеке бір әлем. Міне, осы  қайраткерлердің шығармаларын ұлттық педагогикада қазақ тілі мен  әдебиеті  пән мұғалімдері қалай өтіп  жатыр,  әдістемесін қалай  қолданып  жатыр, қандай идея ұсынады деген облыстық  білім  басқармасының ұымдастырған конференциясына мен шын  жүректен  қуандым. Сонымен қатар, талап бойынша  асқан шабытпен сол жерде екі жарым беттік мақала жазып  шықтым. Менің жазған  мақаламның  тақырыбы «М.Жұмабаевтың педагогика  еңбегіндегі бала қиялын, фантазиясын дамытудың  пайдасы мен тиімділігі»  аясында болды. Осы  тақырып бойынша мен қазақ тілі мен  әдебиеті пән мұғалімдерінің сексиясында баяндама оқыдым. Отыздан  астам әріптестер Алаш  қайраткерлерінің шығармашылғын насихаттау  барысында көптеген құнды  баяндамалар оқыды. Соның  ішінде Қазығұрттық әріптесімнің тақырыпқа  байланысты ерекше ұсыныстарынан, айтқан құндылықтарынан, әдістемелік жүйелерінен көптеген  ақпарат ала алдым. Сонымен  қатар, өзімде әріптестеріме біршама ой саларлық дүниелер айттым деп  есептеймін. Бұл конференцияның жинағы алдағы  уақытта  жеке жинақ болып  шығады. Конференцияда жан-жақты талқылаулар, тұжырымдар болды.   Алаш зиялылары секілді үлкен үмітпен қазақ балаларын оқытып жатқандықтан, қазақтың ұлттық  болмысына,  менталитетіне  сай дүниені біз  мектепте бойланына сіңдіре алсақ, сонда ғана жаханданудың тасқынына төтеп беретін «Мәңгілік ел» боламыз  деген  ой түйіп  қайттым.  

- Отбасыңыз  жайлы сұхбатымызды жалғастырсақ. 

- Менің  жолдасым  Өмірбек  Оразбекұлы - Жібек  жолы  ауылында  жеке  кәсіпкер. Төрт  перзентіміз бар. Үлкен  ұлым  Есбол  - Шымкент  қаласындағы Медицина академиясының 6-курс студенті. Алла  қаласа биыл өзі  таңдаған  саласының  маманы болып жұмыс жасайды. Екінші ұлым - Әлкей Марғұлан  атындағы орта  мектепте. Одан кейінгі  қызымда сол орта  мектепте  оқиды. Ұлым биыл 11-сынып оқушысы. Химия-биология пәнін  таңдаған. Медицина  саласының  маманы болуға әрекеттеніп жүр. Одан  кейінгі қызым Әдемі  Өмірбекқызы - 6-сынып  оқиды. Кешегіде  «Үздік оқырман» байқауының финалына  қызымды  алып  бардым. Кітап  оқуға  деген ықыласы  бар. Өзі  әдебиетке  жақын. Алғашында  бастауыш  сынып  мұғалімі  боламын  деп  жүр еді,  біраз  уақыттан бері қазақ тілі мен әдебиеті  мұғалімі болсам ба деп ойланып жүр. Қызым 11-сыныпты бітіргенше біраз  ұстанымдары өзгереді деп  ойлаймын. Дегенмен де, басқа  мамандық  таңдасада, ұлттық  құндылықтарымызбен  өссін деп әр  сапарға  барған  сайын кітап  алып келіп  беремін.  Мағжанның туған  жеріне  барған  кезде екі сөмке зат  алып  келсем үйдегі  балаларым базарлық  деп  ашып  қараса іші толған кітап. «Анашым, кітаптан басқа ештеңе әкелмедің бе?» - дейді. Сонда күлемін кітаптан артық қандай  құндылық, қандай сыйлық бар деймін. Үйдің  кенжесі - үш жаста, қазірде балабақша  тәрбиеленушісі. Үйіміздің  еркесі. Осындай бақытты отбасылардың біріміз, шүкір.

- Өте  тамаша! Сөзіңізде 6-сыныпта оқитын  қызыңыз қазақ тілі мен  әдебиеті  мамандығын таңдауға ықылас білдірді деп қалдыңыз. Қандай  көңіл күйде  болдыңыз? Қуандыңыз ба? 

- Әрине, қуандым. Біріншіден мұғалім болғаны дұрыс. Егіншінің  баласы  арық қазып  ойнайды дегендей, бала  ата-анадан  көргенін  жасайды.  Ұлдарыма мектеп жасында көркем шығарма оқыңдар дегенімде оқып тұратын. Қазір қосымша шаруалары болған соң, ұлттық бірыңғай тестке дайындық жұмыстарының болуына байланысты, өздерінің профиліне қарай бейімделіп кеткендіктен кітап  оқуға  уақыттары тапшы. Мына үйдегі кітаптарды кім  оқиды деген менде проблема болатын. Екіншіден,  мен  зейнетке  шыққанда осы қазыналарымның  егесі табылғанына қуандым. Қызымның  осы  мамандыққа деген қабілеті бар. Қабілеті болғандықтан қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі боламын  деген қызығушылық  туындап  жатыр  деп  ойлаймын. 

- Ақжарқын  Әбиқызы, сіз бен біз  сияқты қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі боламын деп жүрген бітіруші  түлектерге  қандай  кеңес  айтар  едіңіз? Сонымен  қатар,  кітап  оқу адамға қаншалықты  пайдалы? 

- Адамға кітап  оқуға деген бала  кезден сондай  бір  қабілет  беріледі. Күні  кешегі конференцияда Алима  Қисымқызының лекциясын тыңдағанда, кітап оқыған  кезде  адамның  миының бүкіл  функциясы  жұмыс  жасайды  екен. Адам кітапты қолмен көріп, ұстап отырып оқысын дейді. Кітап оқудың  миға  беретін  азығы  өте  көп. Кітап оқығанда белгілі бір гармондар  бөлінеді  дейді. Сонымен  қатар,  оқитын  кітабыңның мазмұнына ерекше  мән беріп, өзіңе  қызығушылық танытқан тақырыптағы кітаптарды оқу керек. Әйтеуір  кітап екен деп табылған кітапты оқи  беруге де болмайды. Ол деген сенің  кітап  оқуға  деген  қызығушылығыңды  төмендетеді. Енді  уақыт  мәселесіне  келсек, бір  шығарманы бастап  соны  аяқтамай  келесіге өтуге болмайды. Ондайда сенде шатасу пайда болады. Кітап  оқуға  ең  ыңғайлы  уақыт таңғы төрт. Ерінбесең,  жалқаулыққа  салынбасаң  сол уақытта оқыған шығармаң болсын,  сабағың  болсын  есте жақсы  сақталады. Міне, осы уақытта өздеріңе кітап  оқуға  кеңес беремін. Кітаптың өзі  адамға  берер дүнесі мол болатын болса, сен бас  көтермей  оқисың. Мәселен, мен «Абай жолы» эпопиясын 6-сыныпта  оқыдым. Ол кезде романды балаң сезіммен  қабылдадым. Бала болдыққой  ол  кезде. Содан 11-сыныпта  жастардың  көзқарасымен  оқыдым. Ондағы салт-дәстүрлер, Бөжейдің  асында Абай мен  Ерболдың  танылған тұсы. Бөжей Құнанбайдың жауы  болса да, Зеренің  ақылымен Абай аста адамгершілік тұрғысынан қызмет  жасайды. Міне, осы  тұстарды  оқыған  кезде, елге  пайдаң  тию, елге  қызмет  ету осындай  кішігірім  заттардан  басталады  екен ғой деген  ой  қалыптасты. Осы секілді  бас  көтермей оқитын  шығармалар, қызық  кітаптар  болатын  болса әрине сені тартады. Кітап  - ол сенің  жан серігің. Кітаппен  дос  болыңдар! 

- Рахмет! Отбасыңызға  амандық, деніңізге саулық, жұмысыңызға зор  абырой  тілеймін!!!

Сұхбаттасқан Гүлмира Махтумханова,

№49 М.Жұмабаев  атындағы  жалпы білім беретін мекетебінің 

педагог-ұйымдастырушысы, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, магистранты.

Түркістан облысының делегациясы кореялық кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізді
Қытай-Қазақстан бірлескен бизнес форумы өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу