«Әже-ұлттың ұйытқысы»
Қазығұрт ауданы «Ардагерлер кеңесі» жанынан 2013 жылы құрылғын «Әжелер алқасы» ұйымының жұмыс істеп жатқанына биыл 10 жыл толып отыр. Осыған орай, аудан орталығында «Әже - ұлттың ұйытқысы» атты форум өтті. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Рухани мазмұны мол жиынға Түркістан облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Түркістан облыстық «Әжелер алқасы» қоғамдық ұйымының төрайымы Ф.Тілеубердиева, облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Қуандықов, аудан әкімі А.Исмаилов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық ардагерлер Кеңесі мен аудандық «Әжелер алқасының» мүшелері қатысты.
– Қазақ қоғамында «Әже» атауы қасиетті де қадірлі ұғым. Әже - немерелері үшін қамқоршы, тәлім-тәрбиенің бастауы һәм даналық көзіндей. Тарихқа көз жүгіртіп қарар болсақ, Ұлы Абайдан бастап көптеген тұлғаларымыз бен ақын-жазушыларымыз алдымен әже тәрбиесін алып, әжелердің ертегісін тыңдап өскен. Әже тәрбиесі арқылы бойына ұлттық салт-дәстүрдің, өнер-білімнің, әдет-ғұрыптың барлығын сіңіріп, нағыз қазақи мінезбен тәрбиеленген. Бүгінгі күні де, әжелер – ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің бастауы болып, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздың қайта жандануына үлес қосып жүр, - деді аудан әкімі.
Форум барысында ауданның өсіп-өркендеуіне және жастарға тәлім-тәрбие беруге елеулі үлес қосып, салт-дәстүрімізді ел арасында кеңінен насихаттап жүрген бірқатар әжелерге аудан әкімі А.Исмаилов, Түркістан облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Қуандықов, аудандық мәслихат депутаты Б.Жамашевтар құрмет көрсетіп, төсбелгілер және арнайы Алғыс хаттармен марапаттады.
Іс-шара соңында әжелер және аудан өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды.