Биыл Қарақұмға газ беріледі
2021 жылы елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын әзірленді. Ұлттық жобаның мақсаты халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды, көліктік байланыстылықты жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың ұтқырлығын арттыру болып табылады.
Осы мақсатта Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов жұмыс сапарымен Төрткүл, Қарақұм және Бөген ауылдық округтерінде болып, құрылыс нысандарында жүргізіліп жатқан газбен қамту жұмыстарын аралап көрді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қазіргі таңда Төрткүл (1296 абонент) мен Қызылжар (306 абонент) елдімекендеріне газ құбырын тарту (қос елдімекенге тартылатын құбырдың ұзындығы - 65 шқ асады), ГРПШ бағаналарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сапар аясында аудан әкімі Қарақұм ауылын газбен қамту жұмыстарымен де танысты. Қазір онда тиісті 20 895 шақырым құбырдың 15,3 шақырымы жүргізілген. Яғни, жұмыстар 70%-ға аяқталып тұр. Нәтижесінде, биыл қарақұмдық 598 абонентке табиғи газ беріледі деп жоспарланып отыр.
712 абоненті бар Бөген ауылында да газ құбырын тарту жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Қазіргі таңға 22,3 шақырым газ өткізгіш құбырдың 20 шақырымы тартылып, ГРПШ бағаналары орнатылған.
Сапарды қорытындылаған аудан басшысы газ тарту жұмыстарында кемшіліктердің жоқ емес екенін айтып, оларды тездетіп ретке келтіруді мердігер компанияларға тапсырды. Ал, тиісті бөлімге аталған кемшіліктердің мердігерлер тарапынан орындалуына бақылау жасауды міндеттеді.
Сондай-ақ мердігерлерге жұмыстың сапалы болу керектігін ескертті.