Түркістанда 9 индустриалды аймақ жұмыс істейді
Биыл Түркістан облысындағы индустриалды аймақтарда 13 инвестициялық жобаның жүзеге асуы жоспарланып отыр. Өнеркәсіп алаңының іске қосылуы 375 адамның жаңа жұмыс орнымен қамтылуына мүмкіндік береді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жалпы, өңірде 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олардың жалпы аумағы - 538 гектар. Соның ішінде Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт аудандарында инвестициялық жобалар жүргізіліп жатыр. Ал, Бәйдібек, Түлкібас, Шардара индустриалды аймақтарында инфрақұрылым жұмыстарының құрылысы жүргізілуде.
Жобалардың жалпы құны - 5,8 млрд. теңге. Бүгінгі таңда аталған индустриалды аймақтарда құны 44,4 млрд. теңге болатын және 3092 жұмыс орнын құрайтын 63 жоба орналасқан. Соның ішінде қазіргі таңда іске қосылған 44 жобада 2500-ге жуық адам қызмет етіп жатыр. Айта кетерлігі, өткен жылдың қорытындысы бойынша жоба қатысушылары 14,6 млрд. теңгеге өнім өндірді. Биыл ашылатын жобаларды қоса алғанда, осы жылы өндірілетін өнім мен қаржы көлемі ұлғаяды деп көзделіп отыр.
Аталған жаңа кәсіпорындарда кеңсе жиһазын өндіру, асфальтті бетон, газобетон, темір бетон, керамзитті кірпіш, мобильді жылжымалы контейнер, темір есік, құрылыс блоктары мен металл тор өнімдері өндірілетін болады.