Жылыжайдан жылына екі өнім алынады
Жетісай ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жобалардың сәтті жүзеге асырылуының нәтижесінде бір алқаптан 2-3 өнім алу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жылыжайдың жұмысын жандандырып, табысын арттырып отырған шаруа қожалықтарының бірі - Ж.Ералиев ауылдық округінде орналасқан «Болыс» шаруа қожалығы. Қожалық төрағасы Бахадыр Болысов пай үлесіне тиген 70 соттық жерінің 30 соттығына қауын, 25 соттығына болгар бұрышы мен баклажан, ал, қалған 5 соттығына «Арзу» сортты қияр еккен. Күніне 120 келіге дейін қияр жинап, 500 теңгеден көтерме бағада сатады.
«Бұған дейін тек көшет өндірумен ғана айналысып, жылыжайды тиімді пайдалана алмаған екенмін. Соңғы 8 жылда жылына 2 өнім алуды қолға алдым. Қыста көшет баптап, ерте көктемде сатамын. Одан кейін қияр, қызанақ, болгар бұрышы немесе баклажан егемін. Қыста 100 мың түп баклажан мен 50 мың түп болгар бұрышының көшеттерін өндіріп саттық. Осылайша отбасылық ісімізді дөңгелетіп, табыс тауып отырмыз», - дейді Бахадыр Болысов.
Кәсібін дөңгелетін отырған шаруа бүгінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін одан әрі кеңейтпек.