Әрбір әйел, ана құрметке лайық
Халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп білген. Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, бүгінгі таңда ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласқан. Осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданса, бұдан бөлек, ҚР Президенті жанында Отбасы істері және демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Оның бөлімшелері біздің өңірде де құрылған.
Қарапайым тілмен айтсақ, гендер – ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық саласында көрініс табатын әлеуметтік қыры деген ұғымды білдіреді. Қазіргі таңда азаматтық қоғам ұлттық гендерлік саясатты жүзеге асыруға белсенді түрде кіріскен. Әсіресе біздің елдегі жұмыстар көңілге қуаныш ұялатады.
Тұңғыш Президентіміз-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді...» деп тұжырымдауында үлкен мән жатыр. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді. Әйелдер қай салада қызмет етпесін, өз беделдерімен қатар, сол сала жауапкершілігін де арттырып, жұртшылық құрметіне бөленуде.
Әрбір жұмыстың қиындығы мен қызығы, жетістігі мен жемісі болады. Бүгінде әйелдің қолы тимеген сала жоқ десек артық айтқандығымыз болмас. Олардың ішінде әкім де, министр де, мекеме басшылары да, еңбек даңқына бөленген әйелдер де аз емес. Біз соның бірі, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияның директоры, ұлағатты ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованы мақтан етеміз. Бір сөзбен айтқанда білім саласында жүрген әрбір әйел, ана құрметке лайық.
Қазір қоғам ұстаз мәртебесін көтеруге күш салуда. Білім заңына да «ұстаз мәртебесі» деген арнайы бап та енгізілді. Баланың тәрбиелі, білімді азамат болып қалыптасуына ықпал жасайтын да ұстаз. Осы тұрғыдан келгенде ұстаз еңбегінің бағалануы өте орынды.
Қарап отырсақ, қазіргі ата-аналардың көпшілігі «баланы киіндіріп, тамақтандырып, ата-ана міндетін орындадым» деп санайтыны жасырын емес. Ал отбасында өсіп келе жатқан бала үшін ең бастысы ата-ананың жылуы. Көп ата-ана осыны түсінбей жатады. Ата-ананың бала алдындағы парызы киімін көк, тамағын тоқ етуден бұрын дұрыс тәлім-тәрбие беру. Ұрпақ тәрбиесінің жақсы болуы – елдің жарқын болашағының кепілі екенін ұмытпағанымыз абзал.
Егер отбасында бәрі жетіп тұрса әйел адам сырттан гөрі үйдің ішінің сәнін кіргізіп отырғаны дұрыс қой. Әйел адам өмірге сәби әкеліп, соны жақсылап тәрбиелесе басты міндет орындалғаны дер едім. Дегенмен, бүгінгі дағдарыс жағдайында көп әйел жұбайына алақан ашып отырғаннан көрі, отбасының табысына табыс қосып, жанұясының береке-ырысын арттыруды жөн көреді. Осы тұрғыдан келгенде өзім гендерлік саясатты қолдаймын.
Ұстаз бақыты шәкіртінің табысына қуана білу болса, біз үшін басты марапат ата-ана мен оқушының алғысы.