Бір отбасында екі кәсіп түрі жанданып келеді

Oinet.kz 20-11-2022 288

Мемлекеттік қайтарымсыз грант жеңіп алғандардың бірі Созақ ауылының тұрғыны Тоғжан Асқарбекқызы. Ол бұл грантты «Бизнес Бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына қатысу арқылы, қорғаған.

Screenshot_1.jpg

Жас кәсіпкер бүгінгі таңда «Togzhan cakes» кондитерлік өнімдер шығаратын орталық ашып, жұмыс істеуде. Оның тәттілеріне тапсырыс берушілер қатары да күн санап артып келеді. 

-  Әлеуметтік желіде арнайы парақшамыз бар. Кей күндері үлгере алмай жатамыз. Ең бастысы, кәсібім өзіме ұнайды. Әрбір тұтынушы тәтті бәліштің, ыстық тоқаштар мен мерекелік торттардың дәмді екенін білдіріп, алғыстарын айтқанда қуанып қаламын. Атам қазақ «алтын алма, алғыс ал» деген ғой. Мен үшін алғыстан асқан байлық жоқ, - дейді ол. 

Тоғжан Асқарбекқызы әңгіме барысында кондитерлік өнімге ауыл тұрғындарының көп тапсырыс беретінін айтты. Арасында оның өнімінің дәмін татқан көрші ауылдардан да адамдар келіп тапсырыс беріп кетеді екен. «Сұраныс болса, жұмыс та жанданады. Түскен әрбір тапсырысты уақтылы, сапалы орындауға күш саламыз. Көбіне адамдар той-томалаққа, асберу мен басқа да той-жиындар алдында береді. Құдалық күтейін деп жатыр едім дейтіндер де болады. Біз әрбір жасаған тәтті тоқашымызға барымызды саламыз», дейді кәсіпкер. 

Тоғжанға жұбайы да демеу болуда. Жұбайы Малохиддин Абламидов та «Бастау Бизнес» жобасына қатысып, 2021 жылы грант ұтып алған екен. Содан бері ағаш өңдеумен айналысуда. Бүгінде оның ағаштан жасаған бұйымдарына да халық арасында сұраныс көп. Абламид өз шеберханасында ауылдың екі тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Осылайша бір отбасында екі кәсіп түрі жанданып келеді. Жастар алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, өндіріс көлемін арттыруға ниетті.

Әрбір әйел, ана құрметке лайық
Мектеп оқушыларына арнап сызғыштар шығаруда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу