Мектеп оқушыларына арнап сызғыштар шығаруда
Кәсіпкерлікке ден қойған Аққолтық ауылының тұрғыны Ерсін Амангелді «Жарнама дамыту» орталығын ашты. Орталық түрлі бұйымдар шығарады. Бүгінгі таңда ол жарнама саласында табысты қызмет көрсетіп жүр.
Кәсіпкер мектепке қажетті оқу-құралдарын шығарумен де айналысуда. Атап айтсақ, оқушыларға күнделікті математика, алгебар мен геометрия пәндеріне қажетті сан алуан сызығыштар да шығаруда. Бұл ауыл ғана емес, аудандағы тың бастама, тың кәсіп. Оның бұл тың бастамасына аудан атқамінерлері де қолдау көрсетуде.
Кәсіпкердің тың бастамасын естіген аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы арнайы келіп, жас кәсіпкердің жұмысымен танысқан болатын. «Біз жаңа идеяны жүзеге асыратын адамдарды қолдауымыз керек. Жұмыспен қамту орталығына ауыл, кент округтердегі осындай тың идеясы бар азаматтарды іздестіріп, олармен жұмыс жасауды тапсырамын» деді кәсіпкердің жұмысына көңілі толған Созақ ауданының әкімі Мұхит Сексенбайұлы.
Сонымен қатар алдағы уақытта жас кәсіпкерге «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобасына қатысуын, мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіндігін атап өтті.
- Мемлекет тарапынан қолдау болса, кәсібімізді ары қарай дамытуды жоспарлап отырмын. Ашылғанымызға көп уақыт болмасада аудан көлемінде көптеген тапсырыстарды қабылдап, орындау үстіндеміз. Дүкен, кафе, елді мекен қақпасына жазулар, мектеп оқу-құралдарының ішінде сызығыштар шығарамыз. Шежірені безендіріп жасаймыз. Алда қаламсап, әшекей бұйымдарды жөндеу сынды бағытты жұмысымызды жандандырсақ деген ниетіміз де бар, - дейді кәсіпкер Ерсін Ерболұлы.